Түркістан

Түркістан. Қойнауына қазақтың бүкіл тарихын сыйдырған киелі де қастерлі өлке. Осы бір атауды естісек, бойымызда қан ойнап, өткеніміз санада қайта жаңғырып, рухтанып, арқаланып кететініміз де сондықтан. Халқымыз өмір бойы ұлық тұтқан Түркістанның ХХІ ғасырда да қадір-қасиеті қаз-қалпында сақталып, тәуелсіз еліміз үшін ерекше маңызға ие орталықтардың біріне айналғаны көңілге қуаныш ұялатады.

Елбасымыздың Түркістан облысын құрып, қаланы оның орталығы етіп бекітуін тарихи әділеттіліктің салтанат құруы, «Рухани жаңғырудың» нақты нәтижесі және ел дамуының жарқын көрінісі десек те, артық емес. Бұл шешімді халықтың жаппай қолдауы да оның тағдырлы әрі тағылымды екенін аңғартады.

Осылайша хандар мен билердің ізі қалған, елдік пен егемендіктің негізі қаланған шаһар жаңа заманға лайық дамудың келелі кезеңіне аяқ басып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімін өңірдің дамуына тың серпін берген, өткеннен өнеге ала отырып, кемел келешекке жасалған батыл қадам деп те қабылдауға әбден болады.

Құрылғанына бір ай ғана уақыт өткеніне қарамастан қазірдің өзінде облыста тың бастамалар мен игі істер қолға алынғанын аңғару қиын емес. Өңір басшысының облыс орталығын көркейту жөніндегі мақсат-мұраттары да айқын. Жансейіт Қансейітұлы Түркістанның еліміздегі бірден бір тарихи қала ретінде сақталып қалуына басымдық беріп, жаңадан салынатын ғимараттардың шаһардың ғана емес, күллі түркі әлемінің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен биік болмауына ерекше көңіл бөліп отыр. Жаңа нысандардың ортағасырлық архитектуралық стильде салынуының өзі Түркістанның ажары мен айбынын айшықтай түсетіні анық.

Үйлер сыртынан қарағанда ескі заманды еске салғанымен, ол жерлерде ғылым мен білімнің соңғы жетістіктері кеңінен қолданылатыны белгілі. Нәтижесінде Елбасы саясатының арқасында оңтүстік өңірде бұрынғы мен болашақ әдемі үйлесім тапқан жаңа тарихи және заманауи шаһар бой көтермек. Мұның барлығы Түркістанға келетін туристердің еселеніп артуына да өз септігін тигізетіні сөзсіз. Енді еліміздің әр түкпірінен және шет елдерден ағылған туристер Түркістанға көненің көзі деп қана емес, тарихтан тағылым ала отырып, жаңа биіктерге ұмтылған ұлық мекен деп те ат басын бұратын болады. Қаланың Елбасы Жарлығынан кейінгі беталысына қарап осындай ой түйдік.

Осы ретте бұл ауқымды жұмыс тек оңтүстік жұртшылығына ғана емес, барша қазақстандықтар үшін абыройлы міндет болуы керектігін айрықша атап өткім келеді. Сондықтан Елбасы бастап берген істің лайықты жалғасуы үшін әр қазақ ат салысуы тиіс. Ендеше тұтас түркі әлемі кие тұтатын қаланың қазақы рух пен қайсар мінездің, ұлттық құндылықтар мен асыл мұраларымыздың және өсу мен өрлеудің жарқын символына айналуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық!

 

Маулен Ашимбаев  фб парақшасынан