ТҮРКІСТАН: АЙТЫЛДЫ – ОРЫНДАЛДЫ
Ел тілегі орындалды. Түркістан қаласының тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ең алдымен наурыз айында өткен кездесудің нәтижесімен бөлісті. Халықты толғандырған жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі жүзеге асты.
— Наурыз айында өздеріңізбен кездесіп, тұрғындарды толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқыладық. Міне, бүгін сіздермен қайта жүздесіп, көтерілген мәселелердің шешімін баяндайтын боламын. Жалпы халықпен кездесу мен жеке қабылдау барысында 32 мәселе көтерілді. Оның ішінде 23-і өз шешімін тапты, қалған 9-ы шешілу үстінде. Мен көтерілген сұрақтардың барлығын тізбектемей, бірнеше негізгі мәселелерге тоқталайын. Көтерілген барлық сұрақтар біртіндеп өз шешімін табуда. Кейбір мәселелерді шешу үшін заң аясында бюджеттен қаржыны қарастырып, уақытты талап етеді. Сондықтан бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп, міндетті түрде шешімін табатын болады, — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев түркістандықтармен кездесуінде.
Атап айтқанда, Түркістан қаласында облыстық жедел медициналық көмек станциясы шілде айында пайдалануға тапсырылды. Түркістан қаласынан Балтакөл бағытының шыға берісіндегі Жангелдин көшесін қайта құру жобасы бойынша биылғы жылға 944 млн. теңге қаржы қаралды. Нысан келер жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Сондай-ақ Б.Саттарханов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт кешені орнынан қазіргі заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаға биыл 1,7 млрд. теңге қаржы бөлінді. Нысан құрылысы 2023 жылы аяқталады. Сонымен бірге Отырар мөлтек ауданындағы 5 көпқабатты тұрғын үйлердің жан-жағын реттеу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қазіргі таңда, аяқжолдар салу, жол жиек тастарын салу (бордюр), веложолақтар және каналдар салу жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысан тамыз айының соңына аяқталады.
— Қаламыздың өсіп- өркендеп жатқанын көру бәріміз үшін үлкен мәртебе. Жақында Президент саябағы мен алғашқы туристік-рекреациялық орталығы ашылды. Қала аумағында қалалық саябақ (дендропарк) іске қосылып, «Жетікөлде» балық аулау маусымы басталды. Іске қосылған саябақтар, көлдер, су қоймалары, каналдар қаладағы микроклиматты өзгертіп, халыққа жайлы болуға сеп болуда.
Туризм дамып келеді. Әр кеш сайын мәдени-рухани орталық тұрғындар мен туристер белсенділігінің орталығына айналғаны байқалады, — деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі