ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЕГІСТІК ЖЕР КӨЛЕМІ 16,3 МЫҢ ГЕКТАРҒА АРТЫП ОТЫР
Түркістан облысының жер қоры 11 609,5 мың гектарды құрайды. 2018 жылы облыстың әкімшілік аумағының өзгеруіне байланысты 45 елді мекендердің әкімшілік шекаралары Жер ресурстары комитетіне жолданды. Жалпы облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі 2017 жылы 848,9 мың гектар болса, 2018 жылы 865,2 мың гектарды құрап, 16,3 мыңға артып отыр. Бұл жерлер жер пайдаланушыларға конкурс арқылы берілген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялыр қызметінде өткен баспасөз жиынында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Серік Ордабекұлы мәлімдеді.
Өткен жылды қорытындылаған басқарма басшысы, жер саласында ақпараттық технологиялар қолданып мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету қолға алынғандығын атап өтті. Ол үшін облыс көлемінде орналасқан барлық жер алқаптарының пайдаланылуына тұрақты түрде мониторинг жүргізу мақсатында автоматты геоақпараттық жүйе әзірленуде.
«ҚР Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 0,10 гектар, өзіндік шаруашылық жүргізу үшін 0,15 гектар жер телімін беру қарастырылған. «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша Бәйдібек ауданында — 55 гектар, Түлкібаста — 402,3 гектар, Шардарада — 47,7 гектар, Кентау қаласында — 805 гектар инфрақұрылым жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңға Шардарада — 300, Түлкібаста — 63, жалпы 363 жер телімі бөлінген. Қазіргі кезде, жалпы 2425 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілген»-деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, 2018 жылдың 4 мамырдағы жер заңнамаларына енгізілген өзгерістерге байланысты, ауыл шаруашылығы мақсатында дұрыс пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүргізу құзыреті аудан, қала әкімдерінің қарауына берілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі