ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАРҒА ТАБИҒАТ АЯСЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НАСИХАТТАЛДЫ
Түркістан облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Балалар жылы» аясында, Төлеби ауданының демалыс аймағында «Жусан» әскери-гуманитарлық операциясы арқылы елге қайтарылған 5 отбасы мүшелерінің қатысуымен 2 күндік тимбилдинг ұйымдастырылды. Тимбилдинг аясында оларды қазақстандық қоғам құндылықтарына бейімдеу, теологиялық-психологиялық көмек көрсету мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.
Іс-шара қазақ халқының діни-рухани тұтастығын сақтау, өскелең ұрпаққа халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрлерін насихаттау, жасөспірімдердің интеллектуалдық пайым-парасатын арттыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Тимбилдингтің бағдарламасында террористтік белсенді аймақтардан қайтарылған 5 отбасының балаларына анимациялық кейіпкерлердің қатысуымен түрлі көңілді іс-шаралар өткізіліп, табиғат аясында психологиялық ой сергітер ойындар ұйымдастыру арқылы әлеуметтік ортаға бейімдеу курстары жүргізілді.
Білікті дінтанушы, теолог, психолог мамандар тарапынан «Салт-дәстүр тағылымы», «Ханафи мазхабындағы діни үкім шығару мәселесі», «Дін мен дәстүр – тәрбие діңгегі» тақырыптарында қазақ халқының діни-рухани мұрасы кеңінен түсіндірілген теологиялық дәрістер өткізілді. Сонымен қатар «Толағай» отбасылық-спорттық сайысы ұйымдастырылып, жүлделі орындар табысталды.
Тәлімі мен тағлымы мол тимбилдингке қатысушылар облыс басшылығына, осы іс-шараны ұйымдастырушы облыстық дін істері басқармасына алғыстарын білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі