ТҮРКІСТАН: ЭЛЕКТРОНДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ҮЛЕСІ 85 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Түркістан облысы бойынша көрсетілген қызметтердің электронды түрдегі үлесі 85 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаевтың 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде БАҚ өкілдеріне арнаған баспасөз конференциясында айтылды.

         «Елбасы биылғы Жолдауда ұлттың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын жақсартуға көп мән бере отырып, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіруді міндеттеді. Яғни, цифрландыру — мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің перспективалық объектісі болып қалуда. Бұл тұрғыда, департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілер мен халық арасында онлайн-сервисті насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша көрсетілген қызметтердің электронды түрдегі үлесі 85 пайызды құрады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 31 пайызға артып, қызмет алушы мен қызмет берушілер арасындағы тікелей байланыс 2 есеге төмендеді», — деді департамент басшысы.

         Бұл ретте, ол аталған нәтижеге қол жеткізу мақсатында өңіріміздегі мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде 1290 «өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы» ашылып, 5 053 информатика пәні мұғалімі оқытылғанын жеткізді. Сонымен бірге, 280 мыңнан астам халық үшін 975 оқыту жұмыстары ұйымдастырылса (семинар, дөңгелек үстел, лекция, «Ашық есік, КВН, акция, т.б.), 92 билборд көрнекі жерлерге ілініп, 54 жәрмеңке өткізіліпті.

         Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша Әдеп жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткізіліп, онда 114 мәселе қаралған. Оның тең жартысы профилактикалық мәселелер болса, қалғаны тәртіптік іске жатады. Ғ.Тұрсынов мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнаманың сақталуына да қатаң бақылаудың бар екенін айтты. Мысалы, 2018 жылы 67 тексеру жүргізіліп, 2400 бұзушылық анықталған. Сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағыты бойынша  917 517 адамды қамтыған 4 204 іс-шара ұйымдастырылыпты. Қоғамдық бақылау картасы аясында азаматтардан арыз, шағым, ұсыныстар қабылдау мақсатында Департаменттің 8 775 869 21 21 Whats App желісі ашылып, оған азаматтардан түскен 150-ден аса арыз-шағымға жауаптар берілген.

         Ал, облыс көлемінде 2018 жылдың қорытындысына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің таза ауысымдылығы – 3,2% құраған немесе 232 қызметші өз еркімен жұмыстан кеткен. Оларды оқыту шеңберінде 1461 мемлекеттік қызметші оқыту курстарынан өтсе, оның 1114-і біліктілігін арттырып, 347-сі қайта даярланыпты. Мемқызметкерлерді мансаптық жоғарылату бойынша ішкі конкурстар нәтижесінде 412 мемлекеттік қызметші төменгі лауазымдардан жоғары лауазымдарға тағайындалып (ЖАО – 275, АО — 137), мансаптық өсу көрсеткіші 74,5 % құраған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі