ТҮРКІСТАН: НАСИХАТТЫҚ ТОП ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын насихаттау бойынша облыстық топ бірнеше аудан, қалаға іссапар жасады. Облыс әкімінің орынбасарлары басаған топтың құрамында зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, басқарма басшылары мен өзге де белсенді азаматтар бар.
Насихаттық топтардың бірі Сайрам аудана келіп, аудан орталығындағы мәдениет үйінде жұртшылықпен жүздесті. Елбасы Жолдауындағы міндеттерге кеңінен тоқталды. Өз кезегінде топ жетекшісі, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков биылғы Жолдаудың елдің дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына ықпалы зор екенін, ондағы міндеттердің орындалуына барша қазақстандықтардың бірлікпен үлес қосуы керек екендігін айтты. Сонымен қатар, Ұласбек Сәдібеков 2019 жылдың жастар жылы болып жарияланғанына тоқталып, бұл бағытта жастарға үлкен сенім артылатындығын айтты. Жиын барысында білім саласындағы жемқорлық мәселесі де сөз болды. «Елбасының жаңадан құрылған облысқа қарқынды жұмыс бастауды міндеттегені — бізге сенім білдіргені. Мемлекеттарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтіліп жатыр. Мәселен, енді жұмысқа қызметкер қабылдау кезінде мектеп директоры бұл процеске қатыса алмайды. Оны арнайы құрылатын мекеме жүргізетін болады. Жалпы, өңірімізде білімді, білікті мұғалімдер өте көп. Оқымысты оқушыларымыз да жеткілікті. Бірақ, бір ғана жемқорлық мәселесі барлығына түгел күйе жағып жібереді. Сондықтан, бұл бағытта жаңаша жұмыс жүргізілетін болады. Оған барлығымыз қолдау білдіруіміз қажет» деген облыс әкімінің орынбасары сайрамдықтардан Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруда үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.
Жолдауды түсіндіру бойынша құрылған ақпараттық-насихаттық топ мүшелері бірнеше аудан, қалаға барып, тұрғындармен жүздесті. Олар елдің өтініштері мен пікірлерін тыңдап, Жолдаудағы басым бағыттарды жүзеге асыру жөніндегі ойларын ортаға салды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі