ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ КЕЛДІ
Бүгін Түркістан қаласына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ келді. Облыс орталығының даму жоспарымен арнайы танысуға келген делегацияны аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бірқатар нысандарды таныстырды.
Алдымен қонақтар Отырар мөлтек ауданында болып, әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан нысандарды аралап көрді. Онда қазіргі таңда 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 1536 пәтердің 1200-і (20 тұрғын үй) арендалық үйлер болса, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналар қатарында.
Биыл қыркүйек айында іргетасы қаланып, мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан 60 пәтерлі 20 тұрғын үйдің 11-і (660 пәтер) 2019 жылдың сәуір айында тапсырылады. Ал, 9 тұрғын үй (540 пәтер) келер жылдың қараша айына ел игілігіне берілмек. Кредиттік көпқабатты 6 тұрғын үйдің (336 пәтер) құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында аяқталып, пайдаланылуға тапсырылады.
Сондай-ақ, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 280 орындық балабақша пайдалануға беріліп, 900 орындық мектеп алдағы жылы оқу жылы қарсаңында ашылатын болады. Одан бөлек, іскерлік орталықта әкімшілік ғимараты, басқармалар және департаменттер үйлері және 5 жұлдызды «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталып кетті.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары бастаған жұмысшы топқа Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев облыс орталығын инфрақұрылыммен қамту жоспарымен таныстырды. Түркістан қаласының инженерлік инфрақұрылымы қазіргі таңда салынып жатқан әкімшілік-іскерлік орталығының 270 гектар және рухани-мәдени орталығының 98 гектар аумағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2018 жылы Түркістан қаласында 20 мың абонент газбен қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 58 пайызға жететін болады.
Сондай-ақ, астаналық делегация «Әзірет-сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына аялдады. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңынан салынатын тарихи архитектуралық жобалардың нобайымен танысты. Аталған аумақтағы 98 гектар жерге рухани және мәдени орталық салынатын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі