ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 110 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ АӘК АЛҒАН

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматына байланысты брифинг өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Сағира Айтанаева спикер ретінде қатысып, жаңа жобаның ерекшеліктерімен таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасары жаңа жоба 3 бағытты қамтитынын айтты.
«Бірінші бағыт бойынша, көпбалалы отбасылар жеке санатқа шығарылып, оларға кепілдендірілген жәрдемақы ұсынылады. Бұл ретте көпбалалы отбасы – аз қамтылған отбасы деген стереотиптен алынып тасталынады. Екінші бағытта, аз қамтылған санаттағы азаматтарды қолдау және оларды еңбекке ынталандыру көзделген. Үшінші бағытта, барлық АӘК алушы отбасылардағы балаларға заттай қолдауды қамтитын кепілдендірілген пакетті ұсыну көзделген», – деді Ұ.Тәжібаев.
Брифингте баяндама жасаған басқарма басшысы Әсия Темірбаева АӘК алатын жұмыссыз азаматтарға бағдарламаға сәйкес жұмыс ұсынылатынын және одан бас тартқан жандарға әлеуметтік көмек берілмейтінін айтты.
«Көпбалалы және табысы аз отбасылар үшін олардың кәсіпкерлік белсенділігін ынталандыру мақсатында микрокредит беру шарттары жеңілдетілді. Оларға микрокредиттер жылдық 4 пайыздан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті шарттармен берілетін болады. Бұдан басқа, халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік гранттардың бірыңғай мөлшері – 200 АЕК (530,2 мың теңге) белгіленген. Бұл ретте көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерінің алдын ала оқусыз грант алуға құқығы бар», – деді Ә.Темірбаева.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатына қатысқан Сағира Айтанаева жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайтынын жеткізді. Яғни, жәрдемақы барлық көпбалалы, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленбек. Төлемнің мөлшері отбасындағы бала санына байланысты есептелмек.
«Жәрдемақы — балалары 18 жасқа толмаған көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан 42500 теңгеден 73375 теңгеге дейін беріледі. Мәселен, 4 балалы отбасы – 42496 теңге, 5 балалы отбасыға – 53127 теңге, 6 балалы жанұяға – 63757 теңге, 7 балалы отбасы үшін – 74388 теңге тағайындалады. Сондай-ақ, 18 жастан асқан балалары орта және жоғарғы білім оқу орындарында оқыған жағдайда, ол отбасыларға аталған мемлекеттік жәрдемақы баласы 23 жасқа толғанға дейін төленеді», – деді С.Айтанаева.
Сонымен қатар, жаңа жобаға сәйкес аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендірілген. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен, мектеп жасындағы балалар ыстық тамақпен, мектеп құрал-жабдықтар және киім-кешекпен қамтылып, жол ақысын өтелетін болады.
Айта кетейік, жәрдемақы Түркістан облысы бойынша қаңтар айында 88 мыңға жуық отбасын қамтиды, яғни қаңтар айында толық төленеді. Ал, ақпан айында 92 мыңнан астам отбасы аталған жәрдемақыны алатын болады. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 110 мың отбасыға, яғни 632,8 мың тұрғынға берілген болатын.
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі