ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 18,6 МЫҢ Ш.М. ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Елбасының халыққа үндеуінің бірінші бағыты «7-20-25» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ағымдағы жылы жеке салушылар арқылы 360 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның жалпы аумағы — 18,6 мың шаршы метрді құрайды. Аталған үйлер 2019 жылы пайдалануға берілетін болады. Бұл туралы Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс басқармасының басшысы Құттыбек Жамашев мәлім етті.
Сонымен қатар, 2018 жылы облыста 172 инвестициялық жобаның іске асырылуына 30,6 млрд.теңге қаралған. Жыл соңына дейін 71-ін пайдалануға тапсыру жоспарланса, бүгінгі таңда 11 нысанның құрылысы аяқталып пайдалануға берілген. Қалған 101 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі.
«Әлеуметтік сала бойынша білім беру саласына жалпы 83 нысан құрылысына 15,9 млрд. теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен құрылысы жоспарланған 16 мектептің биыл 12-ін тапсыру көзделген. Қалған 4 нысанның құрылысы 2019 жылға өтпелі. Ал облыстық бюджеттен қаралған 11,5 млрд. теңгеге 67 нысан құрылысын жүргізіп, оның ішінде ағымдағы жылы 28 нысанды пайдалануға беру межеленіп отыр. Қалған 39 мектептің құрылысы 2019 жылға өтпелі», — деді Құттыбек Рахматтуллаұлы.
Бұдан өзге, денсаулық сақтау саласында 11 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы 1 дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру жоспарланған. Қалған 10 нысан 2019 жылға өтпелі. Мәдениет саласында 2 мәдениет үйі мен 1 мұражайға қосымша нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда 2 нысан пайдалануға берілген. Спорт саласында 3 нысан құрылысы жүргізілуде, жыл соңына дейін барлығы пайдалануға берілетін болады.