ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылдың 3 шілдесі мен 30 қыркүйек аралығында өтетін жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова мәлімдеді.

2019-2020 оқу жылында көмекке мұқтаж отбасынан шыққан балаларды әлеуметтік көмекпен қамту мақсатында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл шілде айынан басталып отыр.  Акция қыркүйек айының соңында аяқталады.

«Акцияның мақсаты –  аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ішінен оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету. Өткен 2018-2019 оқу жылында акция барысында облыс бойынша 25509 аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жалпы 201 млн. 456 мың 101 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Соның ішінде 3807 балаға бюджет қаражаты есебінен – 483 251 теңгеге, қалған 21702 балаға бюджеттен тыс демеушілер қаражаты есебінен – 200 млн. 972 мың 850 теңгеге материалдық көмек көрсетілген», – деді А. Садықова.                     Айта кетейк, Акцияны жоғары деңгейде өткізу мақсатында іс-шара жоспары түзіліп,  жүйелі жұмыстар атқарылады.

 

Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі