ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «НӘТИЖЕ» ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

Халық үніне құлақ асатын мемлекет. Тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді алу және билікпен кері байланыс жасау әлдеқайда оңайырақ болмақ. Азматтардың өтініштерін қабылдауда жүйелі мәселелерді болдырмау мақсатында өнірде «Нәтиже» пилоттық жобасы қолға алынды. Жаңа жоба «бір терезе» қағидаты бойынша әзірленген. Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлескен «Нәтиже» мемлекеттік қызметтер алу және өтініш беру орталығы пилоттық жобасы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен ағымдағы жылдың мамыр айында іске қосылған болатын.

Пилоттық жоба халыққа қызмет көрсету процесін азаматтар үшін әлдеқайда қолайлы әрі қолжетімді ету үшін әзірленген және 2022 жылдың күзіне дейін үш өңірде сынақтан өткізіледі. Жоба азаматтардың өтініштерін қабылдау, өтініш берушілердің сұрақтары бойынша консультациялар жүргізу және мемлекеттік қызметтер көрсетуді бір алаңға шоғырландырудың көрінісі болып табылады.

Сонымен қатар өңірдің әрбір тұрғыны үшін қызмет ресімдеу, өтініш тіркеу, өзін қызықтырған сұрақтар бойынша мамандардың кеңесін алу, сондай-ақ әкімнің және жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігі бар.

Азаматтар тарапынан жоба ыңғайлы әрі қолжетімді сервис ретінде танылған жағдайда 2022 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде енгізіледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, мамыр айынан бастап пилоттық жоба бойынша кызмет көрсетіліп келеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

___

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі