ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНАН КЕЛЕР ҚАУІП ЖОҚ
Түркістан облысында су тасқынынан келетін қауіп жоқ. Өңірдегі сел жүруі мүмкін аймақтардың барлығы тұрақты бақылауға алынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыс бойынша Төтенже жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов мәлімдеді.
Оның сөзінше, аймақтағы су қоймалар мен өзендердің су режиміне күнделікті тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.
«Облыс аумағында тасқынға қарсы іс-шаралар 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің нұсқауымен бекітілген өңірлердегі «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар кешені» Жол картасы негізінде жүзеге асырылуда. Тасқынға қарсы іс-шаралар: Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың бас тоспасы бекітілді. Оған 50 мың қап құм, 30 тонна ЖЖМ, 584-шатыр, 4622 керует, 36 мың адамға арналған төсек орын дайындалды. Сондай-ақ, 5,2 жалпы ұзындығы шақырым болатын өзендерде жаға бекіту және арна түзеу, 14 шақырым қорғаныс дамбасы тұрғызылды. 24 шақырымнан астам каналдар мен 7,2 шақырым дренажды жүйелер механикалық тазартудан өткізілді. Сырдария өзенінің жағалауындағы 20 елді мекендегі құлақтандыру жүйесіне 120 млн.теңге бөлініп, жаңартылды.», – департамент басшысы.
Жалпы облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 55-60%-ды құрайды. Тасқын суларды қабылдауға жеткілікті қорлары бар, ал өзендердегі судың өтуі орта деңгейден төмен.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайы Сырдария бассейіндік өзенімен тікелей байланысты болғандықтан қатаң бақылауға алынған. Бүгінгі таңда өзеннің арнасында судың ағысы қалыпты, жағалаудағы елді мекендерге қауіп жоқ. Ал, таудағы жиналған қар қоры нормадан төмен, аумақтың жазық жерлерінде қар жоқ.
Айта кетейік, 2017 жылы жоспарланған 42 іс-шара толық аяқталған. Былтыр жоспарланған 40 іс-шараның 31-і толық аяқталып, 9-ы 2019 жылдың жарты жылдығына орындалатын болады. Ал, 2019 жылы өткізілетін 16 іс-шараға облыстық бюджетінен 990 млн. теңге қаралған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі