ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ТАҢҒАЖАЙЫП ТҮРКІСТАН» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ
Бұл туралы Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейcенбай Тәжібаев мәлімдеді. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерімен кездесу өткізген басқарма басшысы көпшілікті байқауға қатысуға шақырды. Байқаудың мақсаты — Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасын жүзеге асыру және туған жердің туристік әлеуетін көтеріп, тарихын насихаттау.
— Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр. Осы оқу орнында журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент білім алып жатыр. Олардың арасында ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жүргендері де бар екен. Демек, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы бірнеше тілде мақала, түрлі еңбектер жазып, шетелге танытуға болады. Сондықтан жас әріптестерімізге бізбен бірлесіп жұмыс істеңіздер дегіміз келеді. Бұл мақсатта ерікті журналистер клубын құруға шақырамын. Түркістанның тарихын дәріптеп, туристік тартымдылығын арттыруға сіздер де үлес қосасыздар. Мәселен, бүгіннен бастап облыста «Таңғажайып Түркістан» байқауы басталды. Оған кез келген әлеуметтік желі белсенділері қатыса алады. Сіздерді де бақ сынауға шақырамыз, — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, байқауға қатысушылар facebook әлеуметтік желісінде Түркістан облысынан «Қазақстанның киелі жерлер географиясына» енген 24 нысан туралы пост жариялаулары қажет. Әрбір қатысушы кем дегенде 20 жазба жазуы тиіс. Бұл байқауға ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен 12 желтоқсанға дейін жарияланған материалдар қабылданады. Жеңімпаздар байқауды ұйымдастырушы тарап түзген комиссия құрамының шешімімен анықталады. Ұсынылған жұмыстардың үздіктері «Түркістан жаршысы» фейсбук тобында көп дауыс жинағаны, ең көп ұнатылғаны (лайк), ең көп бөлісілгені (репост) арқылы да бағаланады. Байқаудың жүлде қоры — 1350000 теңге. «Таңғажайып Түркістан» сайысында бас жүлде, 1-ші, 2-ші, 3-орындар беріледі. Сондай-ақ ынталандыру сыйлықтары да тағайындалған.
Университет кітапханасында өткен келелі басқосуда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жетекшісі Әміреқұл Әбуов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Эфтал Батмас, «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі және өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салып, журналистика саласындағы мәселелер мен ізденістер туралы айтты. Түркістанның әлеуеті жоғары екеніне тоқталды. Студенттер де өз ұсыныстарын айтып, Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыру бастамасына белсене қатысатындарын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі