ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ДІНИ КОНФЕССИЯ ӨКІЛДЕРІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесіне орай, өңірдегі діни конфессия басшыларымен кездесіп, жиналғандарды атаулы мейраммен құттықтады. Өңір басшысы елімізде дінаралық татулықтың күн санап салтанат құрып келе жатқанын айтып, оның нақты дәлелі ретінде таяуда Астанада «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлемде» тақырыбында алтыншы рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіндегі Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сөзін мысал етті.
«Елбасымыз өз сөзінде «Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу адамның өз міндеті» — деген. Сондықтан біздің бүгінгі басқосуымыз халықтар достығына, ұлтаралық, дінаралық татулықтың нығая түсуіне өз ықпалын тигізеді деп сенемін. Қабылданған Съезд қорытындысы бойынша Декларацияда оның қатысушылары әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының өшпенділік пен төзбеушіліктен туындаған зорлық-зомбылық қақтығыстарды алдын алуға, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізуге жан-жақты жәрдемдесуге белсенді күш-жігерін тартуға дайын туралы мәлімдеді. Өз кезегінде мен де сіздерді жергілікті жерлерде мәртебелі миссияны жалғастыруға шақырамын», — деді Ж.Түймебаев.
Діни конфессия басшыларымен келелі кеңес пен әңгіме-сұхбат жүргізуді, облыс аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасуды мақсат тұтқан жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, найб муфти, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Наурызбай Өтпенов, «Шымкент епархиясының Састөбе поселкісіндегі Қасиетті Блаженная Ксения Петербургская храмының приходы» жергілікті православ діни бірлестігінің діни қызметшісі Алексей Драчев және басқа да дін өкілдері сөз сөйлеп, облыстағы діни ахуал жайлы ойларын ортаға салды.
Қабылдау соңында діни конфессиялар жетекшілеріне мерекеге орай, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Еске салайық, 1992 жылғы 18 қазан күні Алматы қаласында Бүкіләлемдік Рухани келісім конгресінің 1-ші сессиясы өтті. Конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні – қақтығыстар мен жанжалдарға шектеу қою, татулыққа талпыну, жақын адамдарға қайырымдылық пен жәрдем жасау күні деп жариялауға шақырған манифест қабылдады.
Содан бері жыл сайын біздің елімізде 18 қазан – «Рухани келісім күні» мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі