ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКСПОРТТАУШЫ КОМПАНИЯЛАРЫНА КЕШЕНДІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүреков облысымыздың 30-дан аса экспорттық әлеуеті бар кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың жеке қажеттіліктерімен танысты. Жиынға Түркістан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және кедендік декларацияны бақылау бөлімінің басшылары, сондай-ақ, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Атамекен» РКП» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының және «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Түркістан ауданы бойынша аймақтық филиалдары және «ОҢТҮСТІК» АИО өкілдері қатысып, өз тараптарынан эспорттаушы компанияларға көрсететін қызметтері туралы мәлімдеді.
Еліміздің экономикасын дамытуда отандық өнімдердің экспортқа шығуы жоғары маңызға ие екендігін тілге тиек еткен Ербол Қуанышұлы кәсіпкерлердің экспорттық әлеуетін көтеру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығын жеткізді.
«Қазіргі таңда кәсіпкерлердің көрші елдер нарығына кіруіне белгілі тосқауылдар бар. Олар өндірістік көлемінің жеткіліксіздігі, тасымалдау мәселелерінің жолға қойылмағандығы немесе кедендік кедергілер. Міне, осындай мәселелерді шешуде қолдау көрсетіп, компанияның экспортқа шығуына дейін сүйемелдеу мақсатында біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Жұмыс тобы «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының мамандарынан құралған», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 50 әлеуетті экспорттаушы компания бар. Олар тауарларын Еуроодақ елдеріне, Қытай және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруда. Алайда, экспорт көлемін арттырып, жалпы шет ел нарығына шығуда кедергілер жоқ емес. Кездесу барысында кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу процедурасын жеңілдету, өндіріс көлемін арттыруға қаржылай көмек көрсету және экспорттық келісім-шарттарды сақтандыру бойынша қолдау қажеттігін айтты.
Аталған мәселелер тиісті сала мамандарына жүктеліп, облыстық әкімдік тарапынан бақылауға алынатын болды. Жиын соңында кәсіпкерлер барлық даму институттарының басшыларымен кездесіп, қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілді.
Түркістан облысының баспасөз қызметі