ТҮРКІСТАН: ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВПЕН КЕЗДЕСУГЕ 500-ДЕН АСТАМ АДАМ КЕЛДІ
Ашық диалог: Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев халықпен кездесуін облыс орталығынан бастады. Биылға екінші рет өткізіліп отырған облыс әкімінің есеп беру кездесуі ашық форматта өтіп жатыр. Кездесу алаңы ретінде Амфитеатр таңдалды. Ашық алаңда ұйымдастырылған шараға 500-ге жуық қала тұрғындары келді. Жүзге жуығы — жастар.
Облыс әкімінің халықпен есептік кездесуі «Сұрақ – жауап» форматында өтіп жатыр. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтып, қаланың болашақ дамуы бойынша жоспарымен бөлісуде. Кездесу барысында тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарын қоя алады. Тұрғындар қашықтықтан да қатысуда. Кездесу әлеуметтік желілерде және Түркістан облысы әкімдігінің ресми платформасында тікелей эфирде көрсетілуде.
Облыс әкімі Түркістан қаласының тұрғындарымен 31 наурызда кездесіп, халықты толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді талқылаған болатын. Кездесу мен жеке қабылдау барысында 32 мәселе көтерілді. Оның ішінде 23-і өз шешімін тапты, қалғаны шешілу үстінде.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, биылдан бастап халықпен кездесу форматы өзгерді. Әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етеді және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіреді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі