ТҮРКІСТАН: ӨНЕРКӘСІП ӨНІМІНІҢ КӨЛЕМІ – 453,8 МЛРД. ТЕҢГЕНІ ҚҰРАДЫ

Түркістан облысында өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі – 453,8 млрд. теңгені құрады. Бүгін бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлімдеді.
«Ал өңірдегі өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі – 236,9 млрд.теңгені құрап, өсім – 100,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі – 544,3 млрд. теңгені құрап, 2017  жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Атап айтқанда, мал шаруашылығында ет өндірісі – 4,8 %, сүт – 2,8 %, жұмыртқа – 8,1 пайызға артты», – деді Арман Сәбитұлы.
Сонымен қатар, Түркістан облысында 288,1 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім көрсеткіші – 101,2 %.  Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі – 139,1 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы – 387,8 мың шаршы метрге жетіп, 2017 жылға қарағанда 21,7 пайызға артқан. Тиісінше, бұл салада облыстың Республикадағы үлесі 3,1 пайызға жетіп, 3-орынды иеленіп отыр.
Облыс бойынша бюджеттің жалпы көлемі – 562,1 млрд. теңге. Оның ішінде даму бюджеті – 80,8 млрд. теңге болса,  ал, жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі  – 100,9 млрд. теңге.
Бүгінгі таңда облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы бюджеттің жалпы көлемінде өзіндік кірістердің үлесі 17,1 пайызға артып, 7 млрд. теңгеге өсті. Бюджеттің шығыстар бөлігінде ағымдағы шығындар 467,7 млрд. теңгені құраса, ал даму бюджетінің шығындары 94 млрд. теңгеге жетті. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 341,2 млрд. теңгені құрап, үлесі – 60,7 пайыз.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі