ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТЕРДІҢ ӨНІМДІЛІГІ 65% ЖЕТТІ
Түркістан қаласы маңындағы «Жасыл белдеу» аймағын алғашында 7 700 гектарға құру жоспарланса, қазір ол меже 13 629 гектарға жетіп, аталған аймақта көшеттер күтіп-бапталуда. Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен айналасындағы жасыл екпелердің өнімділігі 65-75 пайызды құрап отыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев мәлімдеді.
«Бүгінде Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында саябақтар мен аллеялардың көлемі артып, 495 гектарға жеткен. Арық-атыздар қалпына келтіріліп, жасыл желек көптеп егілуде. Оған қоса қала аумағында көгалдандырудың жаңа технологияларын қолдану нәтижесінде көшеттердің өнімділігі артқан. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Жасыл алқапты көбейту бағытындағы жұмыстар республика бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші болып Түркістанда қолға алынғанын да айта кеткен жөн. Облыс әкімінің қолдауымен 3 жылда орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен шаттық бірліктер саны 2 есе ұлғайған. Аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген» — деді Қайрат Амангелдіұлы.
Сонымен қатар брифингке қатысқан «Жасыл аймақ» КММ директоры Әбутәліп Құламетов «Жасыл белдеу» аймағы үшін 5 миллионнан астам көшет аталған мекеменің тұқымбағынан алынғанын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі