«ТҮРКІСТАН-ТАШКЕНТ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВТОБУС БАҒЫТЫ АШЫЛДЫ
Облыс орталығы Түркістан қаласының Ташкент шаһарымен сауда-экономикалық, туристік қатынастарын нығайту мақсатында «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағыты ашылды. Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған облыс әкімдігінің ұсынысы Министрлікке жолданып, нәтижесінде ағымдағы жылдың 10 желтоқсанында Түркістан қаласындағы «Алтын Орда» автобекетінде аталған бағыттың ашылу рәсімі өтті.
Айтулы шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мырзабаев, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Төлебеков, облыстық мәслихат депутаты Б.Мұсабеков, сондай-ақ «Бақдәулет Сервис» ЖШС-нің директоры Н.Қарабаев, «Алтын Орда» автобекеті директорының міндетін атқарушы Б.Әжеков және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған бағытқа паритеттік негізде Қазақстандық тасымалдаушы «Бақдәулет Сервис» ЖШС және Өзбекстандық «Узавтотранс» ООО мекемесі қызмет көрсетеді. Айта кетерлігі, бағыттың жалпы қашықтығы — 335 шақырым. Жолға кететін уақыт — 6 сағат 40 минут. Екі бағытта күнделікті 2 автобус қатынайды. Түркістан қаласынан шығу уақыты («Алтын Орда» автобекеті) сағат 07:00 және 17:00-де. Ал Ташкент қаласынан шығу уақыты («Ташкент» автовокзалы) — сағат 08:00, 18:00 (Астана уақытымен). Техникалық аялдама – 30 минут. Жол жүру тарифі — 2000 теңге немесе 50000 сум.
Өз кезегінде «Түркістан-Ташкент» халықаралық автобус бағытының ашылуы екі елдің арасында туристер ағынының артуына, жаңа туристік бағыттар қалыптастыруға және ынтымақтастықтың нығаюына оң әсерін тигізетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі