ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИДЕ ШОКОЛАД ӨНДІРЕТІН ЦЕХ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында бірқатар нысандар игілігіне берілді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ, ең алдымен, ондағы Бірінші Мамыр ауылынан ашылған «Балмұздақ» ЖШС-нің шоколадты глазурь және шоколад өндейтін цехында болды. Жоба құны 800 млн. теңге болатын кәсіпорында жылына 1100 тонна шоколадты глазурь мен шоколад өнімдері өндіріледі деп күтілуде.

Негізінен, «Балмұздақ» ЖШС-і 2017 жылы құны 2,5 млрд. теңге болатын 3200 тонна балмұздақ өнімдерін өндірген. Ал былтыр, 2018 жылы Өзбекстан еліне 6,1 млн теңгеге 8700 келі балмұздақ экспорттады. Кәсіпорын бүгінгі күнге балмұздақтың 80-нен астам түрін шығарады. Кәсіпорын құны 220 млн. теңге тұратын балмұздақ өндіретін қазіргі заманғы құрал-жабдықтарымен жабдықталған. «Балмұздақ» ЖШС-нің өнімдері тек қана Түркістан облысында ғана емес, республикамыздың солтүстігінде, Алматы, Астана, Ақтау, Тараз қалаларында да үлкен сұранысқа ие.

Өндіріс орнының жұмысымен жіті танысқан облыс әкімі кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан, қашанда, тиісті қолдаулардың болатынын тағы бір еске салып, азаматтың ісі көпке үлгі болуы керектігін айтты.

Өз кезегінде, облыс басшысы зауыт жетекшілігіне жаңадан құрылған Түркістан облысының атын шығарып, жер-жаһанға таныту үшін «Түркістан» брендімен шоколад түрін шығаруды айтты. Осынау ұсынысты қолдаған кəсіпорын ұжымы тез арада аталған идеяны жүзеге асыруды қолға алатынын жеткізді.

Бүгінде Төлеби ауданындағы кәсіпкерлік саласында кәсіпкерлік субъектілерінің саны 8 211 болса, 7594-і белсенді жұмыс істеп жүрген азаматтар. Соның арқасында, мұндағы өнеркәсіп саласында былтыр жалпы 32 млрд. 166,2 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 27,3 пайызға артты. Кіші және орта бизнесті дамыту үшін аудан бойынша жалпы қаржыландыру көздерінен 12 238 азаматқа 6 млрд. 727 млн. теңгеге несие беріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көбейген.

 

         Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі