«TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы не берді?
Түркістан — түркі дүниесінің рухани астанасы. Қасиетті қала жайлы әуелден осылай айтылғанымен, бұл сөз шын мәнісінде енді нәтижелі жүзеге асатын болады. Бұған жуырда өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форумы себепкер болды. Оған елімізбен қатар Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан және Татарстан елдерінің ақпараттық агенттіктері мен белді басылымдардың жетекшілері, Түркістан облысындағы БАҚ басшылары мен өкілдері, ғалымдар және студенттер қатысты.
Форум басталмас бұрын ҚР Орталық коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен А.Ясауи кесенесінің алдында, ашық аспан астында «24 kz» телеарнасының тікелей эфирі арқылы көшпелі брифинг өткізілді. Онда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев журналистерді, көрермендерді облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен таныстырды.
ҒИМАРАТТАР ҮШ АУМАҚ БОЙЫНША БОЙ КӨТЕРЕДІ
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Түркістан қаласының 2018-2021 жылдарға арналған даму концепциясы жасалынып, қаланы үш аймақ бойынша дамыту жұмыстары әзірленуде екен. Атап айтқанда, тарихи киелі аймақ — 89 гектар, құрылыс салуды реттеу аймағы — 98 гектар, әкімшілік-іскерлік орталығы — 700 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттар осы үш аумақ бойынша бой көтеретін болады. «Бірінші, яғни Түркістан қаласындағы тарихи киелі аймақта орналасқан Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағындағы 89 гектар жер теліміне амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттары бой көтереді. Екінші, құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына «Қазақстан-Назарбаев» орталығы, «Қазақ хандары, билері» орталығы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркі әлемінің орталығы, Қ.А.Ясауи орталығы, Астана саябағы, Бейнелеу-өнер мұражайы және Тарихи-мәдени орындар орталығының ғимараттары салынады. Ал, үшінші, әкімшілік іскерлік орталығын дамыту аймағындағы 700 гектар жер телімін 3 кезеңге бөліп дамыту қарастырылуда», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазіргі таңда Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспары тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Оған жолданған 22 жобаның екеуі Түркиядан келсе, Корея елінен — 2, Өскемен қаласынан — 1, Алматы қаласынан — 6, Астана қаласынан — 6, Шымкент қаласынан — 4, Түркістан қаласынан — 1 жоба қатыстырылды. Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, 2018 жылдың 29 қыркүйек күні Елбасының Түркістан облысына іссапары барысында Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы ҚР Президентінің Жарлығы жарық көрді. Тұжырымдамаға сәйкес, халық санының өсуіне байланысты мынадай жобалық кезеңдер қабылданды: бастапқы мерзім — 2018 жылы 161 мың адам, есептік мерзім — 2035 жылы 350 мың адам, болжамдық мерзім — 2050 жылы 500 мың адам қамтылады.
Қаланың аумағын дамытудың жалпы аудан перспективасында 500 мың адамды құрайтын халықтың саны үшін 25 000 гектар жер көлемі қажет етіледі. Облыс орталығының жаңа құрылысының сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады. Жоспарлау құрылымының негізгі қағидаты қаланың барлық тұсынан көрінуге тиіс Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болып табылады.
170 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ӘЗІРЛЕНЕДІ
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, 2018-2022 жылдары 170 инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуі тиіс. Олардың жобалау сметалық құжаттары мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі және жеке инвестициялар арқылы әзірленетін болады. Кешенді жоспарда іске асырылатын инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамалары денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, туризм, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әкімшілік ғимараттар, құқық қорғау салаларында әзірленеді.
Елбасының Жарлығына сәйкес, «Түркістан «арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қаланы индустриалды-инновациялық бағытта дамытуды көздейтін аумақта жаңа кәсіпорындар салу ісі жоспарлануда. Оның ішінде, Түркістан облысына іссапары барысында Елбасы тарапынан бірқатар ұлттық компания басшыларына, бизнес өкілдері мен шетелдік ірі инвесторларға 16 маңызды нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалынды. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдіктерімен 13 құрылыс нысандарын салу көзделуде.
Брифинг барысында оған қатысқан журналистер тарапынан бірқатар сауалдар қойылды. Олардың арасында Түркия мен Татарстан мемлекеттерінен келген журналистер өз ана тілдерінде сауалдар қойды. Облыс басшысы сауал қай тілде қойылса, сол тілде іркілмей, тосылмай жауап берді. Осылайша, облыс басшысы өзінің кемінде төрт тіл білетінін байқатты.
МЕДИА ФОРУМДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН МЕМОРАНДУМ
Медиа форум аясында дәл осы күні Түркістан қаласында «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы мен «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы ашылды. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа орталықтардың жұмысына сәттілік тілеп, бұл қадам Түркістанның Түркі әлемінің рухани әрі ақпараттық орталығына айналуына серпін беретінін жеткізді.
«Медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізетін орындар бар. Жұмыс істеуге қажетті жаңа жиһаздармен, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған. Мұнда Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді. 70 адамға лайықталған залы бар. Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Түркістан облысы туралы ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады. Осы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының туристік әлеуеті жоғарылап, инвестициялық тартымдылығы артады деген сенім бар. Ал «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубында түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізіліп тұрады. Еліміздің интеллектуалды тұлғалары клубтың отырысына арнайы шақыртылып, түрлі ойлары мен ұтымды ұсыныстарын ортаға салады. Бұл кездесулер телеарналар мен әлеуметтік желілерде арнайы бағдарлама ретінде көрсетіледі», — деп хабарлайды жаңа медиа орталық жайлы облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық және шетелдік БАҚ басшылары медиа орталықтың тұсауын кесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Осындағы жас журналистермен және студенттермен кездесіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубының бірінші отырысы өтіп, алғашқы спикерлер ретінде облыс әкімі Ж.Түймебаев пен танымал публицистер Түркістанның дамуы жөніндегі ойларын ортаға салды. «Qazaqstan zamany» газетінің басшысы, қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы да осы жиында пайымды пікірін айтып, ұтымды ұсынысын алға тартты. Сондай-ақ, баспасөз қызметінің жемісті еңбегіне алғысын білдіріп, сәттілік тіледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, түркі әлемінің рухани астанасында болып жатқан жаңалықтар ендігі жерде бірнеше мемлекеттің ақпарат құралдары арқылы төрткүл дүниеге тарайтын болады. Бұл жетістікке Түркістан қаласында өткен «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық медиа форум аясында қол жеткізілді. Яғни, осы күні Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы мен бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілері арасында түзілген меморандумға сәйкес бұдан былай облыс жаңалықтары Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикаларының жетекші ақпарат құралдары арқылы осы елдердің көрермендеріне жол тартатын болады.
Таратып айтар болсақ, өткен сәрсенбінің сәтті күні Түркияның ең беделді ақпарат құралдарының бірі — «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігі ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулимен де меморандум жасалды. Осы меморандум арқылы еліміз бен Түркістан облысы туралы жаңалықтар түркі тілдес елдерге түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және орыс тілдерінде жаңадан ашылған «TÚRKISTAN MEDIA» халықаралық орталығы арқылы таратылады. Бұл жұмыстарды жүргізуге Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқитын түркі тілдес елдердің студенттері ерікті түрде атсалысады. Түркістанның қызықты тарихы мен туристік орындары насихатталады. Сонымен қатар, түркі мәдениеті мен руханиятын, бауырлас халықтардың бірлігін нығайту бағытында да ақпараттық қолдау көрсетілмек. Екі тарап ақпарат алмасу, өзара байланысты дамыту жолында ынтымақпен әрекет етуді көздеп отыр. Журналистика саласындағы жаңа технологияларды меңгеру, тәжірибе алмасу мәселесіне де көңіл бөлінеді.
Меморандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетекшілері мен өкілдері Түркістанның туризм және Түркі әлемінің орталығына айналатынына сенім білдіріп, ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Нәтижесінде тарихи қалаға әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар саны көбейеді деп күтілуде.
ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА ЖЫЛНАМАСЫ ЖАЗЫЛЫП ЖАТЫР
Осы күнгі игі іс-шара «TÚRKISTAN: JAŃA AQPARATTYQ KEŃISTIK» атты халықаралық журналистер форуммен жалғасты. Форумның мақсаты — Түркістан облысының басты брендін қалыптастыру, облыстың оң имиджін көтеру, сондай-ақ, Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркі тілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру. Сонымен қатар өңір журналистикасын дамыту бағытындағы тың идеялар мен бастамаларды жүйелеу де көзделген.
Форумның ашылуында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Медиа кеңістікті дамыту, киелі шаhарды Түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру жолында осындай келелі кеңестердің оң ықпал ететінін айтты.
«Елбасымыз Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани орталығына және әлем туристері келуге асығатын қалаға айналдыру жөнінде тапсырма берген болатын. Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да туризм мәселесіне ерекше тоқталды. Туризмді дамытуда ақпараттық маңызы зор. Бүгін шетелдік ақпарат құралдары өкілдерін, еліміздің жетекші телеарналары мен басылымдарының басшыларын, өңірдегі редакторлар мен журналистердің басын қосудағы мақсатымыз да — бірлесіп жұмыс істеуге шақыру. Облысты дамыту һәм түлету бағытындағы ой-пікірлерін білу. Қаланы көркейтуге және журналистиканы дамытуға арналған ұсыныстарды тыңдауға әзірміз. Бүгінде облыс орталығына мемлекеттік қызметкерлермен қатар бірқатар журналистер көшіп келді. Олар Түркістанның жаңа жылнамасын жазып жатыр. Сіздерді де Түркі әлемінің рухани орталығына жұмыс істеуге шақырамын. Бүгінгі форум журналистер қауымына тың серпін беріп, жаңа шығармашылық ізденістерге жетелейді деп сенемін. Тәжірибе алмасу, пікірлесу, ақылдасу арқылы журналистика дамиды. Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» — деді Ж.Қансейітұлы.
Осы тұста айта кеткен жөн, Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынуда. Айталық, облыстағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштер бойынша 21 бағытта туристік маршруттар ашылды. Түркістан өңірі мен Қазақстанның киелі жерлері картасына енген нысандар туралы бірнеше тілде арнайы роликтер және «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде. Одан бөлек, киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында туристердің жиі баратын 35 туристік нысанда QR-кодтар орнатылды. Кеше ғана тарихи Түркістан шаһарына миллионыншы турист аяқ басты. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырғанда 57,2 пайызға өскен. Алдағы меже, яғни 2025 жылға қарай Түркістанға келетін туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.
Форумға қатысушылар журналистика саласындағы соңғы жаңалықтарға тоқталып, жаңа ақпарат кеңістігінде Түркістанның журналистикасы заман көшінен қалмайтынына сенім білдірді. Киелі мекеннің туристік және рухани әлеуетін көтеруде осындай форумдардың оң серпін беретінін атап өтіп, ақпарат айдынында Түркістанның дамуына қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Туризм саласының әлеуетін көтеріп, туристік бизнестің қарыштап дамуына ақпараттық қолдаудың маңызы орасан. Жоғарыда аталған меморандумның арқасында қаншама мемлекетте Түркістан қаласы мен оның тарихы, әлеуеті, экономикасы, тыныс-тіршілігі кеңінен жарияланып жатса, қасиетті қала жайлы құлағдар болған туристердің арасында Түркістанды бетке алатындардың қатары артатыны сөзсіз. Міне, жергілікті билік тарапынан осындай тың идеяларға толы жұмыстар ұдайы жалғасын табар болса, меже етілген 5 миллион туристі келтіру де аса қиынға соқпаса керек-ті. Ал болашақта Түркістан — Орта Азияның ірі туристік орталығының біріне айналып жатса, нұр үстіне нұр.
Дайындаған — Шадияр МОЛДАБЕК