ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА МЫҢНАН АСА КӨПБАЛАЛЫ АНА МЕН БАЛАҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Жетісай аудандық орталық ауруханасына қарасты бірнеше ауылдық емханада “Анаға тағзым” атты көпбалалы аналарды қолдау мақсатында “Ашық есік” күні өтті. Жетісай қалалық емханасы мен Мырзашоқы және Жылысу ауылдық емханаларында мыңнан астам көпбалалы аналар мен балалар медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлік көмек алды. Сондай-ақ, олар  зертханалық талдаудан, ультрадыбыстық  тексеруден де  өткізілді.
Шалғайда орналасқан Мырзашоқы ауылының халқы үшін жылжымалы медициналық кешен қойылды. Ал өздігінен жүре алмайтындарға аурухана басшылығы тарапынан арнайы көлік ұйымдастырылды.  Атаулы шара барысында балалар невропатологы, хирург, кардиолог, акушер-гинекологтар, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен балалар дәрігерлері психолог және әлеуметтік қызметкерлер қабылдау жүргізді. СӨСҚ қызметкерлері келген барлық аналарға ақпараттық танымдық парақшаларын таратып, ана мен бала денсаулығының маңызды екенін, оның ішінде арнаулы екпелерді уақытылы алуы керектігін айтты.
Шара барысында Жетісай қалалық емханасы мен Мырзашоқы және Жылысу ауылдық емханаларында 800-ден астам көпбалалы аналар мен 200-ге жуық балаға медициналық тексеру жасалды.  Олардың ішінде 60-қа жуық “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иелері дәрігерлік тексеруден өтті. Медициналық тексеру нәтижесінде үш емханаға қарасты 162 адамнан әртүрлі деңгейдегі сырқат түрлері анықталды. Олардың барлығы тиісті емін алып, дәрігер бақылауына алынды. Сондай — ақ тексеруге келген барлық көпбалы аналарға сый-сияпат жасалып, балаларға ойыншықтар таратылып берілді. Шараға қатысқан аналар ақ халаттыларға өз ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі