ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ БАҒБАН КӘСІБІН 15 СОТЫҚ ЖЕРМЕН БАСТАҒАН
Түркістан облысы Жетісай ауданы Қарақай ауылдық округінің тұрғыны Жұпарбек Керімбеков өз кәсібін үй іргелік егістен бастаған. Шаруа алғашқы кезде ауласындағы 15 сотық жеріне қызанақ егіп, 1 қорабын 2500 теңгеден саудалап, қомақты табыс тапқан.
«Бақшадан пайда тауып, кәсіп ашамын деп еш ойламадым. Кейін уақыт өте келе үй іргеліктен егістік жерге диқаншылық жасауға көштім. Қазір баялдырдың өзінен 5 миллион теңге көлемінде пайда таптым. Құдайға шүкір, диқаншылықтың, еңбектің арқасында тұрмыстық жағдайымды жақсартып, бала-шағамды оқытып отырмын. Ерінбей еңбек етсең, жер ана жерге қаратпайды», – дейді жетісайлық диқан.
Айта кететін болсақ, баялдырдың көтерме бағада 1 келісі 270 теңгеден саудаланып жатыр. Аталмыш бақша дақылы гектарына 25 тоннаға дейін өнім береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі