ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ АЛМАТЫДА ҚАЗА ТАПҚАН ЖАС ЖАУЫНГЕРДІ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Алматы қаласындағы террористік шабуылға тойтарыс кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының 2 курс курсанты Жұпарбеков Дәулет Бауыржанұлы ерлікпен қаза тапты. Ел үшін шейіт болған батырдың ерлігі ескеріліп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілді.
Отан алдындағы борышына адал болып, ел тұтастығын сақтау жолында ерлікпен қаза тапқан жас ұланның денесі өзінің туған жері – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына жеткізіліп, Түркістан жұртшылығы оны ақтық сапарға шығарып салды.
«Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев бұл қайғы бір ғана отбасы емес, халықтың қайғысы екенін жеткізді. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев пен ел ағалары, әскери сала басшылары мен өкілдері, жергілікті тұрғындар марқұмның отбасына көңіл айтты.
– Дәулет – өз елінің нағыз патриоты, антына адал, жолдастары арасында сыйлы, еліне әлі берері көп, болашағынан үлкен үміт күттіретін азамат еді. Орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын. Ел үшін еңбек еткен батыр ұлдың жарқын бейнесі аудан халқының, ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз, – деді аудан әкімі.
Дәулет Жұпарбеков 2002 жылы 01 желтоқсанда Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Толыбай батыр атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясына оқуға түскен болатын. Отбасындағы екінші перзент. Марқұмның соңында арда азаматтан қапияда көз жазып қалған ата-анасы, әпкесі және 2 інісі қалды.
Қоғам тыныштығы, ел біртұтастығы жолында батырлық танытқан Дәулет Бауыржанұлының есімі ел есінде мәңгі сақталады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі