ТҮРКІСТАН:АРДАГЕРЛЕРГЕ ТИІСТІ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір ардагерлерімен кездесті. Басқосу ел бірлігі, жастар тәрбиесі, елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, Түркістанды түлету мәселелері бойынша өрбіді.

Кездесуде аймақ басшысы елдің рухани дамуы үшін алдыңғы толқын ардагерлердің үлесі мол екендігін айтты. 

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары бойынша облыста нақты жұмыстар атқарылуда. Осы мақалалары арқылы тереңге тамыр тартқан тарихымызды, ұлттық болмысымызды қадірлеу керектігін айтты. Сол ізгі қасиеттердің бірі – қазыналы қарттарды құрметтеу. Ал ақсақалдарымыз ұрпаққа өнегелі әңгімесін айтып, елді бірлікке, ынтымаққа шақыруы тиіс», – деді өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев.

Одан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов ұйымның негізгі мақсатына тоқталды. 

«Ардагерлер ұйымының 168 мүшесі бар. 33 жылдық тарихын ауыз толтырып айтуға болады. Ардагерлер ұйымының мақсаты – ел татулығын ту етіп, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу. Ардагерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуын жәрдем беру. Сондай-ақ, Сізге Түркістанды түлетуде, Түркістанды көркейтуде қажыр- қайрат тілейміз», – деді ол.  

Кездесуде бірқатар ардагерлер Елбасы мақаласы жайында, өңір ахуалы хақында, сондай-ақ ұйым мүшелеріне қажетті ғимарат, көлік, қолдау жағын сөз етті. 

Өз кезегінде облыс әкімі барлық қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

«Халқымызда «Ынтымақ – бұзылмайтын қорған, Қосылып еккен ағаш – орман» деген мақал бар. Яғни, әр істі келісіп істей білсек, ұрпақтар арасында сабақтастық үзілмесе, еліміз өркендейді. Кезінде Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды кемеңгерлеріміз елді ұлы мұрат жолында топтастырып, бәтуалы ойларын айтып, мемлекетке қызмет ете білген. Сіздерге ғимарат, көлік тұрғысынан тиісті қолдау көрсетіледі. Түркістанды түлету жолында біріге еңбек етеміз», – деді Өмірзақ Естайұлы.

 

         Түркістан облыс әкімінің баспасөз қызметі