ТҮРКІСТАНДА БІР МЕЗГІЛДЕ 1500 ОҚУШЫ КҮЙ ТАРТТЫ
Түркістан төрінде 1500 оқушының орындауында Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалды. Облыстың өнерлі балалары «Dombyra Party» флеш-мобына қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Халық көп шоғырланған ортада, ашық аспан астында ұйымдастырылған ауқымды шаралар қазақтың төл аспабын насихаттап, ұлттық өнерді паш етті.
«Балалар жылы» аясында өткізілетін «TURAN-BALAFEST» онкүндігі аясында өткізілетін 1 маусым — Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара «Керуен сарай» көпсалалы кешенінде өтті. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев балаларды мерекемен құттықтап, республикалық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздарын марапаттады.
Қазақстан эстрада жұлдыздары, «Заман» тобы, әнші Айдар Байжанов, Түркістан облысының талантты оқушылары өнерлерін көрсетті. Балаларға тегін балмұздақ пен тәттілер таратылды.
Сондай- ақ мерекеге орай «DRONE CHALLENGE» және «ROBO FEST» көрмесі ұйымдастырылып, жас қылқалам шеберлерінің салған таңдаулы суреттері насихатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі