ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТОРЛАР МЕН КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАЙТЫН ЖОБА ЖҰМЫС ІСТЕУДЕ

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен ел экономикасына инвестиция құю процесін оңтайландыру мақсатында, сондай-ақ инвесторларды қағазбастылықтан және сыбайлас жемқорлық фактілерінен сақтау үшін «Protecting Business and Investments» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба Агенттік пен Сыртқы істер, Инвестициялар және даму министрліктерімен өзара ынтымақтастық меморандумы негізінде жұмыс істеуде. Жобаның басты мақсаты – бизнесті қорғау, бизнес-климатты жақсарту және мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру рәсімдерін барынша жеңілдету. Бұл туралы Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі Кеңес хатшылығының меңгерушісі Ғанижан Асанұлы мәлімдеді. 

«Түркістан облысында Департамент тарапынан бүгінгі таңда жалпы құны 240 млрд. теңге болатын 5 ірі инвесторлар сүйемелдеуге алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған жоба аясында инвесторлар сыбайлас жемқорлық фактілерінің кез-келген көріністеріне жол бермеуге, қандай да бір заңсыз факт туындайтын болса, тікелей Агенттікке және оның аумақтық Департаменттеріне баяндау туралы келісімге қол қойылады. Өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган келісімге қол қойған инвесторларды заңда белгіленген құзыреттерді және өз ресурстарын пайдалана отырып 100 пайыз сыбайлас жемқорлық фактілерінен 24/7 принципі негізінде, яғни кез келген уақытта қолдап, қорғайтын болады», – деді Ғани Асанұлы.

         Жиын соңында Департамент басшысының орынбасары БАҚ құралдарының бірқатар сұрақтарына жауап беріп, отандық және шетелдік кәсіпкерлерге өңірімізде қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық жағдай жасалып, әкімшілік кедергілер болмау қажеттігін атап өтті.


Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі