ТҮРКІСТАНДА ҚР БІРІНШІ ВИЦЕ-ПРЕМЬЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бастаған жұмысшы топ облыс орталығында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан соң Түркістан қаласын дамытуға арналған жиынға қатысты. Келелі жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Қоғамдық даму министрі Д.Қалетаев, ҚР Энегетика министрінің орынбасары М.Мырзағалиев өзге де министрлік өкілдері мен ұлттық компания басшылары, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев және өзге де облыс басшылықтары қатысты.
Жиында алғашқы болып облыс әкімі Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар жөнінде таныстырды.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын іске асыруға өзге облыстардан бөлек Ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдері атсалысатын болады. Бүгінде құрылыс жұмыстарымен айналысатын мердігерлерге қатысты құжаттар әзірленіп, тиісті шаралар атқарылуда. Яғни, жаңадан салынатын нысандарға арналған жер телімдері зерттеліп, дайындалуда. Сондай-ақ, инженерлік коммуникациялар үшін техникалық сипаттамалар жасалып, сәулеттік жоспарлау жұмыстары жүргізілді», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, басқосуда Түркістан қаласының өзге де салаларын дамыту бойынша бірқатар министрлер мен министрлік өкілдері алдағы жұмыс жоспарлары жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Әзірет Сұлтан кесенесінің айналасын жаңғыртуға бағытталған жобалармен таныстырды. «Астанагенплан» ЖШС-ң директоры С.Жүнісов Түркістан қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталық нобайын көрсетті. Ал «BI Group» ЖШС-ң өкілі А.Зикирин әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін тұрғын үй кешені мен Ұлы дала мүзейі, Туристік орталық, Шығыс моншасы, Амфитеатр, Қожа Ахмет Ясауи музейі, Оқушылар сарайы, Облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Медиа орталық, «Астана» алаңы, Орталық стадион сынды ғимараттардың жобасымен таныстырды.
Жиынды қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин істі жоспардан кешіктірмей дер кезінде орындауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі