ТҮРКІСТАНДА ТҰҢҒЫШ РЕТ МЮЗИКЛ ЖАНРЫНДАҒЫ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛДЫ

Жуырда Түркістан облысында тұңғыш рет мюзикл жанрында қойылым қойылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген «Махаббат мұнарасы» мюзиклын Түркістан қаласының өнерсүйер қауымы үлкен ықыласпен қабылдады. Бұның себебі бар. Түркістан облыстық опера және балет театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Әбдіхан Нұрмаханбетовтың айтуынша, театр ұжымы премьераға өте тыңғылықты дайындалған.

«Театрымыз республикадағы жас ұжымдардың бірі болып есептеледі. Бұған дейін Джузеппе Вердидің «Травиата», «Риголетто», Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин», қазақ операларынан Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай», Евгений Брусиловскийдің «Қыз-Жібек», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу», Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу», Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операларын сахналаса жоғары деңгейде сахналаған болатын. Ал, мюзикл жанрында қойылым көрсету идеясын Түркістан облысының әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев ұсынды. Сол кісінің бастамасымен «Махаббат мұнарасы» мюзиклын әзірлеп, Түркістан жұртшылығына көрсеттік. Әртістерімізге де бұл бағыт ұнаған секілді. Шын ниетпен және шалқар шабытпен орындап шықты», — дейді театр директоры.

 Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет сарайында өткен «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасы көрермендер тарапынан оң баға алды. Өнерпаздардың өнері мен талпынысына ризашылығын білдірген өңір басшысы Жансейіт Түймебаев

«Премьераны тамашалауға қала тұрғындарының әсіресе жастардың көптеп келуі көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл халқымыздың тың дүниеге қызығушылық танытып мәдениетіміздің өркендегенінің дәлелі іспетті. Жалпы, әлемнің танымал ірі мегаполистерінде мюзикл жанрында қойылымдар жиі көрсетіледі. Бір ғажабы, көрермендері өте көп. Мюзикл — күрделі және қызықты жанр. Сондықтан театрдың осы бағыттағы ізденістері облысымыз бен Түркістан қаласының тұрғындары үшін және қаламызға келген саяхатшылар үшін үлкен олжа. Бұндай премьералар Түркістанымызды республикалық және халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді», — деді облыс әкімі.

Мюзиклдің әуенін Светлана Ахметова жазса,  сөзін жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы жазған. Музыкалық жетекшісі — Әбдіхан Нұрмаханбетов, қоюшы-режиссері – Елік Нұрсұлтан, қоюшы-балетмейстер – Гүлжан Дәулетқұлова, қоюшы-суретшісі – Дәулетияр Балтабаев.

Мәңгілік махаббат лирикасы бейнеленген қойылым жастарды махаббатқа адал болуға, сезім үшін қиындықтарға төтеп беруге үндейді. Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық опера және балет театры дайындаған қойылым алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларында көрсетіледі деген жоспар бар.

 

 Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі