ТҮРКІСТАНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР ТӘРБИЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан қаласында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қозғалған мәжіліс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшылары, ішкі істер департаменті мен жергілікті полиция және прокуратура өкілдері қатысты. Мәжіліске төрағалық еткен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық бойынша бірқатар мәселелерге тоқталып, барлық білім бөлімдері мен мектеп басшыларына, жергілікті полиция, ұстаздар қауымы, ішкі саясат, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармаларға тапсырма берді. Қылмысты болдырмау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, облыс әкімдігі тарапынан үнемі бақылауда болатынын жеткізді.
Облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов оқушылар арасындағы құқықбұзушылықты жою бағытындағы ұсыныстарын ортаға салып, оқушылар тәрбиесіне ата-ананың жауапкершілігін күшейту, телеарналардан арнайы бағдарлама ашып, құқықбұзушылыққа қарсы түсіндірме жұмыстарын жүргізу сияқты ойларымен бөлісті. Түркістан облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Абай Жүсіпов тәртібі қиын балаларды қоғам болып атсалысып, жақсы бағытқа бұру керектігін айтып, әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсететін бейнаматериалдар жүктеудің, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың бет-жүзін рұқсатсыз жұртшылыққа таратудың да жауапкершілігі бар екенін ескертті.
Мәжілісте өзге де азаматтар пікір білдірді, нəтижесінде білім ұяларында бейнебақылау камералары көбейтіліп, мектеп инспекторлары мен учаскелік полицейлердің жұмысы қадағаланатын болды. Білім ұяларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, техникалық мамандарды қабылдау ісі толық аутсорсингке өтеді деп күтілуде.
Жиынды түйіндеген М.Отарбаев аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына және аудандық ішкі саясат, білім бөлімдерінің басшыларына жоғарыда сөз болған тапсырмаларды сапалы орындауды міндеттеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі