ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ АПАТЫ 41%-ҒА АЗАЙДЫ
Түркістан облысында «Сергек» орнатқалы жол-көлік оқиғалары салдарынан жарақат алушылар саны 41% азайды. 2020 жылы өңір республика бойынша жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша 2-ші орында болған. Бүгінде бұл көрсеткіш төмендеген.
Бүгінде пилоттық жоба аясында Түркістан қаласының қиылысында 26 «Сергек» камералары орналасқан. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер өткелі бар жерлерде 30 желілік «Сергек» кешендері және қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қойылған 200 бейнебақылау камералары жұмыс істеуде.
Былтыр «Сергек» пилоттық жобасын іске асыру бойынша Түркістан облысының әкімдігі мен полиция департаменті және «Көркем Телеком» ЖШС арасында меморандумға қол қойылған болатын.
Сондай-ақ Түркістан қаласында «Қорғау» жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе «Сергек» камераларының көмегімен патрульдік полиция қызметкеріне 10 минут ішінде жол жүру ережесін бұзған автокөліктерді, жалған нөмірлер орнатылғанын, айыппұл төленбегенін хабарлай алатын немесе іздеуде жүрген қылмыскерлер туралы ақпаратты беріп отырады.
Облыс аумағындағы автокөлік тас жолдарында орналасқан «Сергек» кешеніндерін айта кететін болсақ, бұл желілік камера кешендері P-31 автожолының Кентау-Түркістан бағыты бойында (Оранғай ауылдық округі), М-32 халықаралық автожолының Түркістан-Шымкент бағыты бойында (Спатаев, Көкарал, Қайнар, Шұбарсу елді мекендері), А-2 автожолының Түлкібас-Шымкент пен Шымкент-Ташкент бағыттары бойында (Атамекен, Құлтума, Қарабұлақ, Рабат елді мекендері), А-15 автожолының (Бесқұбыр және Жаңа Дәүір ауылына бұрылған жерде) бойында орналасқан.