«ТҮРКІСТАНДЫ КӨРГІМ КЕЛЕДІ!» БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан қаласының туризмін дамыту мақсатында Түркістан облыстық әкімдігі мен «Turkistan» телеарнасының ұйымдастыруымен «Түркістанды көргім келеді!» байқауы басталды. Жобаның басты мақсаты — тарихы терең түрленген Түркістанды таныта түсу. Әрі облыс болғанына 4 жыл толған киелі өлкенің туристік потенциалының қаншалықты артқанын көрсету. Бұл туралы брифингте «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директоры міндетін атқарушы Жанахмет Ағыбаев мәлімдеді.
Сайыс 3 кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңінде жобаға қатысқысы келетін азамат өз қаласын көрсете отырып Түркістанды не үшін көргісі келетіні жайында 1 минуттық бейнеролик түсіріп, өзінің «Instagram» парақшасында #түркістандыкөргімкеледі хештегімен пост жариялауы қажет. Іріктеу baiqau.turkistan.tv сайтында қалың көрерменің дауыс беруі арқылы анықталады. Сондықтан видеосын жариялаған қатысушы baiqau.turkistan.tv сайтына кіріп міндетті түрде тіркелуі керек. Ең қызықты бейнеролик әзірлеген 5 адам Түркістанға жолдама алады. Бірінші кезеңнен өткен 5 үміткердің барлық шығыны ұйымдастырушылар тарапынан өтелетін болады.
Алғашқы іріктеу кезеңінен өткен 5 адам Түркістанға келіп, сапар жасай отырып, барған жерлерінен бейнеролик әзірлейді. Оның ең үздігін арнайы комиссия мүшелері анықтайды. Соңғы кезеңде үздік деп танылғандар марапатталады. «Түркістанды көргім келеді» жобасы «Turkistan» телеарнасынан және арнаға қарасты барлық әлеуметтік желілерде жарияланады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі