ТҮРКІСТАНДЫҚТАР АПТА БОЙЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРАЛАРДЫ ТАМАШАЛАЙДЫ

Түркістан төрінде бастау алатын мерекелік іс-шаралар 14 наурыздан басталады. Облыстағы этнос өкілдерімен бірлескен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар тарту етіледі. Өңірдегі кітапханаларда «Менің елім күндей нұрлы Қазақстан»,  «Наурыз жыл басы» атты тақырыптарда кітап көрмелері өтеді.  Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы мәлімдеді.

«15 наурыз «Тағзым күніне» орай дүниеден өткен азаматтардың рухына құран бағышталып, құрбандық шалынады. Бұл күні мерекелі, берекелі Наурыз той», «Наурыз – жыл басы» атты мәдени іс-шаралар аталып өтіледі. Сондай-ақ, «Дін имандылық ұйытқысы» атты тақырыптарда кездесу кештері өтетін болады» — деді А.Темірханұлы.  

16 наурыз «Тазару күні» деп белгіленген. Осыған орай, аудан қалаларда жалпыоблыстық сенбілік өтеді. Ал  17 наурыз «Көктем шуағы күніне» байланысты спорттық ойындар киелі Түркістан қаласында сағат 10-00 ден кешкі 18-00 ге дейін жалғасады. 18 наурыз «Көктем өрнектері күні» деп аталып, қоғамдық көліктер мен мемлекеттік мекемелерді және  көшелерді мерекеге сай безендіру қолға алынады.  19 наурыз «Балалар күнінде» цирктік және театрландырылған қойылымдар, ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мерекеге орай тәтті тоқаштар мен балмұздақ таратылады деп жоспарлануда.  20 наурыз «Бірлік күні» аясында ардагерлерді мерекемен құттықтап, дастархан жайылады. Ал 21 наурыз «Наурыз» мерекесі күні облыс әкімінің қатысуымен сағат 10-00 де «Қош келдің, Әз Наурыз!» театрландырылған мерекелік іс-шарасы өтеді. Сол күні 19-00 де «Есімхан» алаңында гала концерт қойылады. 22 наурыз «Наурыз» мерекесі  жұма күні Түркістан облысында мерекелік іс-шаралар, жалпыхалықтық серуендер және концерттік бағдарламалар мен ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылатын болады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі