ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ҚАЛА КҮНІН АТАП ӨТТІ
Түркістанда «Қала күні» мерекесі аталып өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы қаланың облыс орталығы мәртебесін алуымен, тарихи шаһар жаңа сипатта дами түскенін айрықша атап өтті.
«Елбасымыздың Түркістанды облыс орталығы деп әйгілеуі бекер емес. Бұл қаланы түркі әлемінің рухани, мәдени орталығы ету- алға қойған басты мақсатымыздың бірі. Өйткені, мұнда өткеннен сыр шертетін түркітілдес халықтарға ортақ мәдени мұралар мен тарихи ескерткіштер орын тепкен. Сондай-ақ, біздің рухымыз бен беделімізді асқақтатып тұрған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің орны бір төбе. Себебі қазақ тарихында өшпес із қалдырған 21 хан, 19 би, 52 батыр, 8 сұлтан мәңгілік мекенін осы киелі топырақтан тапты. Барлығы біздің осылай бақытты өмір сүруімізге өлшеусіз үлес қосқан асыл тұлғалар. Ендеше, біз бейбіт заманда ата-баба аманатына адалдық танытып, туған өлкемізді түлетуге барлығымыз атсалысуымыз қажет», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Мерекелік жиында облыс әкімі қаланың экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан 11 адамға Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», 12 адамға Түркістан қаласының дамуына сіңірген еңбегі үшін төсбелгілерімен марапаттады. Сондай-ақ, өңіріміздің танымал өнерпаздары жиналған көпшілікке ән мен жырдан шашу шашты.
Салтанатты шараға халықаралық түркі әлемінің форумына келген Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Болгария, Иран, Ресей, Дағыстан елдерінің әдебиетшілері мен ақын-жазушылары «Қала күніне» арналған мерекелік шарасына арнайы қатысты. Айтулы шарадан соң, өңір басшысы мәртебелі меймандарды жеке қабылдап, түбі бір тарихы ортақ бауырлас елдер арасындағы ғылым мен мәдениет саласындағы өзара байланыстарды нығайту жайында пікір алмасты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі