ТҮРКІСТАННАН АСТАНАҒА 400 ТОННА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІ ЖӨНЕЛТІЛДІ
Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне орай, Түркістан облысы тауарөндірушілерінің ауыл шаруашылығы өнімдері бас қала — Астанаға жөнелтілді. Тамыз айының 11-12 күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеде 35-тен астам ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 411 тонна.
Тарқатып айтсақ, 400 тоннадан астам өнімнің ішінде 66 тоннасы ет және ет өнімдері, 137 тоннасы көкөніс, 27 тоннасы сүт өнімдері, 39 тонна жеміс-жидек, 20 тонна картоп, 5 мың дана, 5 тонна балық, 4 тонна бал (әсел), 5 тонна кептірілген жеміс, 4 тонна түрлі консервілер және 28 тонна басқа да өнімдер. Жалпы құны 101 млн. теңгені құрайтын өнімдер елорда төрінде нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан саудаланбақ.
Ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша отандық өнімдеріміз қала тұрғындары мен қонақтарына жәрмеңке арқылы ұсынылады. Түркістан облысы Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында 5 рет жәрмеңке өткізеді жоспарланған-ды. Бұл сапар соның 3-толқыны деуге болады.
Жалпы, Астанада ұйымдастырылып жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бес жәрмеңкесінде түркістандық шаруалар 14753 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелтетін болады. Осы мақсатта облыстан 35 ірі және қосалқы шаруа қожалықтары мен кәсіпорындары іріктеліп, дайындық жұмыстары күшейтілуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі