Түстегі патшалық

Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Дүниенің, өмірдің қиял, түс екеніне еш күмән жоқ, өйткені пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде: «Адамдар ұйқыда, өлген кездерінде оянады» деген. Адам түсінде өте бай болуы мүмкін, жоғары мансап, абырой иесі болуы да мүмкін, көп нәрсе істеуі мүмкін, бірақ оянған кезде бәрі бітеді. Оянған кезде «Менің соншама мүлкім бар еді, мансабым, абыройым бар еді» деуінің қандай мәні болады?
Осы сияқты адамдар да өлген кезде мал-мүлкі, байлығы, бала-шағасы, әйелі, бәрі дүниеде қалады. Адамдар өліп оянған кезде «Біз қайда келдік, бұл қай жер? Біздің мал-мүлкіміз, мансабымыз бар еді, туыстарымыз, достарымыз бар еді, олардың бәрі қайда?» десе де ешқандай мәні болмайды.
Кейбір ғалымдар «Адамдар мас, өлген кезде есін жинайды» деген. Яғни мастық өлген кезде бітеді. Мал-мүлік мастығы, атақ-даңқ мастығы, мансап мастығы бар, бірақ өлген кезде бәрі бітеді. Ақиқаттар, шындықтар мәлім болады, бірақ болар іс болып, кеш болады. Сүйікті пайғамбарымыз «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер. Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер» деген.
Адамдар дүниеге берілген кезде қиындықтардан құтыла алмайды, өйткені дүние – қиындықтардың қайнары. Бұл қиындықтан құтылу үшін міндетті түрде ахиретке, нұрға қайту керек. Егер адам нұрға бет бұрса, көлеңкесі артында қалады және артынан келеді. Нұрға арқасын қаратса, қараңғылыққа бұрылған болады, істері қараңғылық болады, ешқашан көлеңкесіне де жете алмайды. Адам таңдауын дүниеге бұрса адамдармен қақтығысады, ахиретке бұрса адамдар оған ұқсау үшін жарысады.
Халифа Харун Рашид бір күні Бәхлүл Дана хазреттерімен көріскісі, хикметті, даналық сөздерін тыңдағысы келеді. Адамдарына оны тауып, алып келуін бұйырады. Іздеуге кеткендер оны мазаратта ұйықтап жатқан күйінде тауып алады. Оятқан кезде: «Сендер не істедіңдер! Мені патшалық мансабынан түсірдіңдер. Енді мен не істеймін?» деді. Патшаның қызметшілері бұл сөздерін айтып берген кезде, халифа мұның сырын түсіне алмады, алдына келген кезде сұрады:
− Ей Бәхлүл! Бұл не тірлік? Сен қай патшалықтан түсірілдің?
− Түсімде қандай тамаша патша едім. Зәулім сарайларым, әскерлерім бар еді. Салтанат пен шаттық ішінде едім, алайда сенің адамдарың мені оятты және тағымнан түсірді.
− Жарайды, бірақ Бәхлүл, түстегі патшалыққа мән беруге бола ма? Қара, көзіңді ашқан кезіңде бәрі біткенін көрдің.
− Менің патшалығым көзімді ашқан кезде бітті, ал сенікі көзіңді жұмған кезіңде бітеді. Арадағы айырмашылық неде? Оның үстіне мен көзімді ашқанымда өмірге келдім. Ал сен көздеріңді жұмғаныңда салтанатыңнан айрыласың және өкінішің басталады, сұраққа тартыласың. Ал енді айтшы, қайбіріміздің патшалығымызға мән берілуі керек?
Харун Рашид айтатын сөз таба алмады.

http://gibrat.kz/