Туыстық қарым қатынасты қалай түзейміз?
Қазақ халқы — туыстық байланысты ерекше бағалайтын ел. Тіпті, туыстық қарым-қатынасты дәл қазақтай сақтайтын ел әлемде кемде-кем. Халқымыздың болмысын басқалардан ерекшелейтін бірден-бір қасиеті осы туыстық байланыс деуге де болады. «Ағайын тату болса — ат көп, абысын тату болса — ас көп» деп ағайын арасындағы татулықтың сақталуын қоғам бірлігінің басты алғышарты деп қараған.
«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» деп туыстық қатынастың басқа іс түскенде танылатындығын түсінген.
«Ай көрмесең туысың жат, жыл көрмесең жолдасың жат», «Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді» деп туыстық қатынасты қандай жағдайда да үзіп алмауға, оны қайта жалғап, жандандыруға шақырған.
«Ағайынның азары болса да, безері болмас» деп туыс жаман болса да безінуге болмайтындығын ескерткен.
Туыстық байланысты осылай қадірлеудің бір негізі шариғатта жатыр. Асыл дініміз адамдар арасындағы туыстық қатынастың берік болуын қолдайды, ағайыннан ажырамауға шақырады. Сөзіміз дәлелді болу үшін төменде туыстық байланысқа бекем болуға шақыратын хадистердің бір парасын бердік.
1. Алла тағалаға сүйікті болу.
Алланың Елшісі (с.а.у.) бір хадисінде: «Алла үшін ең сүйікті іс – Аллаға иман келтіру, сосын туыстық байланысты сақтау, сосын жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю. Алла үшін ең жаман іс – Аллаға серік қосу, сосын туыстық байланысты үзу», – деген.
2. Ризығының молаюы.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.у.): «Кімде-кім ырзық-несібесінің молаюын немесе ғұмырының ұзақ болуын қаласа, туыстық байланысын жалғасын», − дейді
3. Ғұмырының ұзақ болуы.
Пайғамбар (с.а.у.) Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі».
Алланың Елшісі (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Кімде-кім өмірінің ұзаруын, ризығының кеңеюін қаласа, ата-анасына ізгілік жасап, туыстық қатынасын жалғасын».
4. Жұмақ нәсіп етілуі.
Абдулла ибн Сәләмнан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, адамдар! Араларыңдан сәлемді таратыңдар, бір-біріңді тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты жалғаңдар және адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқыңдар! Сонда жұмаққа аман-есен кіресіңдер!» – деген.
Әбу Аюубтан (р.а.) жеткен риуаятта бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Мені жұмаққа кіргізетін іс туралы айтшы», – дегенде Пайғамбар (с.а.у.): «Ол – Аллаға еш серік қоспай құлшылық етуің, намаз оқуың, зекет беруің және туыстық байланысты жалғастыруың», – деген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші», – дейді.
5. Сауапқа кенелу.
Пайғамбар (с.а.у.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Міскінге берілген садақа — бір садақа, ал туыстық қатынасы бар мұқтажға берген садақа екі садақа: садақа және туыстық қатынас (сауабы)», – деген.
Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.у.): «Бауырыңа ол зұлым болса да, зұлымдыққа ұшыраса да көмек бер», − дейді. Бір кісі: «Уа, Расулалла! Егер қиянат көрсе, көмек берермін. Ал ол зұлым болса қалай көмек беремін?» − деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.у.): «Оны зұлымдықтан тоқтатасың. Оған көмек етуің солай болады», − деп жауап береді.
Сәһл ибн Мұғаз ибн Әнестен жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.у.): «Артықшылықтардың ең биігі – қатыспай қойғанмен қатысу, бермегенге беру, өзіңді балағаттағанды кешіру», − дейді.