Туыстық некеден тек қуалайтын дерт жабысады

Қазақтың қан тазалығы, ұрпақ амандығы, жеті атаға дейін қыз алыспайтындығы ұлтымыздың өміршеңдігі мен өнегесін паш етеді. Өз ұлтымыздың ұпайын түгендеп, өзгелерден жоғары қою мақсатында емес, қасиеті мен қадірін жете ұғынуы үшін әрі жақсы мен жаманды айырудың астарына үңіліп, парқына бойлау үшін бір мезет өзгелердің де өміріне көз жүгірткеніміз абзал.

Қойымыз қоралас болмаса да, сырттай тілеулес ел Сауд Арабиясында туысқандардың бір-бірімен үйленуі қалыпты жағдай саналады. Ежелден солай. Әлемдегі өзге халықтармен салыстырғанда, туысымен шаңырақ көтергендердің қарасы көп ел ретінде атағы шыққан Сауд Арабиясында осының кесірінен балғындар түрлі жүйке дертіне шалдыққан. Бұл келеңсіздікті Сауд Арабиялықтардың өздері де мойындап отыр. Сауд Арабиясының невролог дәрігері Суад Ямани ел астанасында өткен балалардың жүйке ауруларына қатысты 12-конференцияда «Ауруын жасырған өледі» деген принципті ұстанып, осы сұмдықты жасырып-жаппай жайып салды. Аталмыш конференцияға Азия мен Океания елдерінен осы саланың мамандары мен білгірлері қатысқан.

Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, ағайынды ерлі-зайыптылардан туған баланың дертін алғашқыда анықтау қиынға соғатын көрінеді. Өйткені ондай некеден өмірге келген сәбидің бойындағы дерт атадан балаға беріліп, тек қуалайды. Мұндай жұптардан дүние есігін ашқан нәрестелердің бойындағы жүйке дерті әлемнің кез келген түкпірінде кездеседі екен. Ең қиыны, оның бірыңғай емі жоқ. Сондықтан кез келген адам отбасы құратын кезде  қан тазалығына аса мән бергені жөн. Бұл  сенің бүгінгі күніңе емес, келешегіңе, ұрпағыңның саулығына жасалған ең үлкен қадам болмақ.