Түтініміз түзу болсын!

«Баяғыда ауылда бір кемпір болды. Аты есімде қалмапты. Есімде қалғаны — ошағын көсеумен тоқпақтап отыратыны. Апаманан себебін сұрағанымда «Е, байғұстың жалғыз ұлы армияда жүріп орыс қызға үйленіп, сол жақта қалып қойған. Ошағына ие болатын әйел табалдырығынан аттамаған соң, іші оттай жанып кетеді ғой, бейшараның. Әулетімнен аулақ!..» дейтін. Баламын, анау айтты мән бермеймін. Сөйтсем, сол кезде жалғыз анасын тастап, әйелдің артынан еріп кету деген сирек құбылыс екен-ау? Кейін, Шымкент жақта тұратын інісі көшіріп әкетті. Үйі жапырайған кішкентай қоржын там болатын. Бірақ, ауласы мен үйін мұнтаздай ұстайтын. Өзі де қашан көрсең жаулығы жарқырап тұратын кемпір еді. Әсіпті қатырып пісіретіні есімде. Көшер кезде пешін көрші ауылдан пеш шеберін ертіп кеп бұздырып, қайтадан әдемілеп кірпішпен өрдіріп салдыртты. Ауылда көп балалы үй болатын. Екі бөлмелі қоржын тамда үш келін бірге тұратын. Соның төрт-бес баласы бар үлкенін үйіне ертіп әкеп:»Мына үйге сен еге бол. Ошағым қағынып, қолыма келін түспеген еді, қу ошақты бұздырып, жаңасын өргіздім. Керемет тартады. Үйім қаңырап, шаңырағым ортасына түспесін, сен осында көш. Жаңа ошақпен өміріңді баста»- деп, бала-шағасымен көшіріп әкеп, үйін тапсырып кеткені есімде. Гулеп жатқан пешіме қарап, әйел үшін ошақтың қаншалық маңызды екенін ұғына түсем. Оты лаулаған ошақтан мейірім мен жылу қатар тарайды. Әр ошақты жағатын, жылу тарататын әйелдеріміздің жүрегінен мейірім үзілмесін. Сол кезде ұрпағы да мейірімді болмақ. Түтініміз түзу болсын!»
Авторы:
Saya Qasymbek