ТҰЗ ҚОСЫЛҒАН КОФЕ

Екеуі уәде бойынша қала шетіндегі шағын кафеде кездесті. Жігіт төмен қарап қызарақтап, қысылып, сөйлеуден қашқалақтап отырды. Бойжеткен жігіттің бұл қылығынан жалығып, тезірек тұрып үйіне қайтқысы келді. Жігіт кенет даяшыны шақырып: «Маған кофеге салатын азғана тұз әкеліп беріңізші?» деді. Отырғандар түгелдей жігітке бұрылып қарады. Жігіттің беті нарттай қызарса да кофеге тұзды салып араластырды да ішіп алды. Бойжеткен таң қалып: «Сен неліктен кофеге тұз салып іштің?» деп сұрағанда, жігіт: «Менің балалық, жастық шағым мұхит жағалауында өтті. Кофеге тұз салып ішкен кезде мен мұхит суының дәмін сезінемін. Мен балалық шағымды және бүгінге дейін сонда өмір сүретін ата-анамды үнемі сағынып, ойлап жүремін. Сол үшін де ылғый кофеге тұз қосып ішемін. Ол маған өте ұнайды» депті.
Одан кейін бойжеткен де өзінің балалық шағы, туған қаласы туралы барлық естеліктерін шешіле айтып шықты. Осылай басталған алғашқы таныстық , олардың жылы қарым-қатынасына ұласыпты .Екеуі күнде кездесіп жүрді. Бойжеткен өзінің арманындағы «ақбоз атты ханзадасын» тапқанын түсініпті. Жігіт өте мейірімді, жұмсақ мінезді, мәдениетті. Сол үшін бойжеткен алғаш көрген кездегі көңіл күйіне бағынып жігіттен айырылып қала жаздағанына мың мәрте тәуба етіп: «Тұз қосылған кофе саған көп рақмет!» деп ішінен шүкіршілік айтатын.
Бикеш жігітке күйеуге шығып көп жыл бойы бақытты тұрмыс кешті. Ол күйеуін шексіз жақсы көретіндіктен күнде тұз қосылған кофе қайнатып беретін. Қырық жыл отасқан олар балалы-шағалы болып бақытты ғұмыр кешті. Күндердің бір күнінде қалжырап қартайған күйеуі өмір заңы бойынша дүниеден озарда артына бір хат қалдырып кеткен екен.
Әйел хатты ашып оқиды: «Жаным, екеуіміз көп жыл бірге бақытты да тәтті өмір кештік, арманым жоқ. Бірақ мен саған өмір бойы өтірік айтып келгенім үшін кешірім сұраймын. Ең алғаш мен саған ол тұз қосылған кофе туралы өтірік айттым. Екеуіміз алғаш кафеде танысқан кезде менің қаншалықты сасқалақтағанымды сен білесің. Сол кезде мен қант сұраймын деп ойлап отырып, байқамай тұз сұрап қойған болатынмын. Сосын қатемді жөндеп «Қант» деп қайталап айтуға ұялып тұз қосып ішіп алған едім. Бұл тұз екеуіміздің махаббатымыздың бастамасы болады деп ойлаған жоқ едім. Соңынан өтірік екендігін саған айтпақ болып қанша оқталсам да қорқатынмын. Бірақ қазір мен бұ дүниеден өтіп баратқандықтан енді ештемеден қорықпаймын. Сондықтан да саған шындықты айтпақпын. Мен тұз қосқан кофені шексіз жек көремін. Ондай кофенің дәмі ащы әрі өте жиркенішті болғандықтан үнемі құсқымды келтіруші еді. Бірақ оны мен сенімен танысқан күннен бастап үнемі ішіп келдім. Егер мен бұ дүниеге қайта туып, қайтадан сен маған тұрмысқа шығар болсаң өзіңмен бірге болу үшін ащы да жиіркенішті дәмі бар кофені қайтадан өмір бойы ішуден ешқашан бас тартпас едім» деп жазылған екен.
Әйелдің көзінен аққан жас тырс-тырс тамып хат жазылған қағазға сіңіп жатты…
Тағы да көп жыл өткен соң бір адам тұз қосқан кофе ішіп отырған әйелден: «Тұз қосылған кофені ашырқанбай қалай ішіп отырсыз?» деп сұрағанда: « Ол өте дәмді» деп жауап беріпті.
Желіден алынды
Авторы белгісіз