ТҰЗЫН ЖЕГЕН ЖЕРГЕ ҚИЯНАТ ҚЫЛМА
Дастархан жайылса, наннан кейінгі іздейтініміз тұз. Онсыз ешбір тамақтың дәмі болмайтыны белгілі. Сол тұздың құрметі болар, «Дәмдес, тұздас болған едік» деп қимас замандастарды іздеп, барған-келгеннен сәлем айтып жатамыз. Тұзға қиянат жасау келешекке кесір боларын, соңы жақсылықпен аяқталмайтынын көнекөз қарттар талай ескерткен болар. Бірақ оны ескеріп жүрген ұрпақ шамалы.
Әлқисса, әрбір үлкен қала өз алдына шағын бір мемлекет болған заманда бір патша халқын әділ басқаруға барын салыпты. Жатса-тұрса ойлайтыны елдің қамы екен. Сондықтан ол елде қылмыс азайып, молшылық заман орнапты. «Мен тірі тұрғанда ешкім нақақтан жылап, зұлымдық көрмейді» дейтін патшаның өзі де айтар сөзі мен істер амалына өте мұқият қарайды екен.
Күндердің күнінде таңертең уәзір келіп, түнде қазынаға ұры түскенін хабарлайды. «Қай антұрған екен мұндайға тәуекелі жеткен?» Патша дереу оқиға болған жерге жетіп барады. Ұры қойманың астын үңгіп жасалған жер асты жолымен келгені көрініп тұр. Қазынадағы алтын теңгелерді қаптарға толтырғаны болмаса, ешнәрсе алмаған сияқты. Патша осыған қайран қалады. Қазынашы да бірден жоқ-барды түгендеп, тексеру нәтижесін баяндайды. «Қазынадан бір тиын да ұрланбаған». Әлдекім кедергі болды деу қисынға келмейді.
– Осынша еңбектеніп, жер астын қазып келген ұры қалайша құр қол қайтады? Себебі не? — деп патша сұраулы жүзбен нөкерлеріне қарайды. «Білмесек» дегендей олар иықтарын қушитады.
Патша сол күні-ақ «Бұл істі кім істесе де кешіріледі. Неліктен ешнәрсе алмағанын айтса болды»- деп жан-жаққа жар салдырады.
Арадан үш күн өткенде патша құзырына бір жігіт келеді. Оның әдебі мен батылдығына кім де болса сүйсінгендей еді.
– Тақсыр, айыбымды кешіңіз! Қателестім, мойындаймын! — депті жігіт басын иіп.
– Кештім, — дейді патша да сөзінде тұрып.
– Қазынаңызға қол салмақ болған мен едім. Бұған мұқтаждық мәжбүр етті. Бірақ мен ұры емеспін, саудагермін. Бар мал-мүлкімді қарақшылар тонап, осы күйге түстім. Басқа кәсібім жоқ, сауданы жалғастырар қаржым тағы жоқ. Қазынаны ұрлау мақсатында жер астынан жол қаздым. Қоймадағы алтындарды қаптарға салып, енді әкетпек болғанымда бір аппақ затқа көзім түсті. «Не екен?» деп иіскеп, тіліммен жалап көріп едім, тұз екен. Тез есімді жидым. «Тұзын жеген жерге қиянат қылма, түбі оңбайсың» дегенді әкем көп айтатын, содан қорықтым. Райымнан қайтып, мол қазынадан бір теңге де алмай кеткен себебім сол.
Сарайда мүлгіген тыныштық орнайды. Жігіттен көз алмай тыңдаған патша біразға дейін үндемейді. Уәзірлердің бәрі оның аузына қарап, тағатсыздана бастайды.
Бір кезде патша орынынан тұрып:
– Ей, уәзірлерім, бұл жігіт бір жалаған тұзы үшін патшалыққа адалдығын көрсетті. Бүгіннен бастап, мен оны ұлым әрі тақ мұрагерім деп жариялаймын. Осы сарайдағы мол дастарханнан дәм-тұз татқан талайлардан көп қиянат көрдім. Достарымның да ешқайсы маған мына жігіттей опалы болған емес. Сендер де мұнан үйреніңдер, — деп шешім шығарған екен.