ТЫЙЫМДАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ БАР

Қазақ халқының тәрбиесіне айналған құралдың бірі ол — күнделікті айтылатын тыйым сөздер. Қарапайым айтылғанымен салмағы жоғары, берер тәрбиесі тереңде. Есі енді кіре бастаған балаға тыйым сөздерді қолдана отырып, жаман әдеттен, әдепсіз істерден, теріс мінезден сақтандырып отырған.
«Мойынға жіп салма, Пышақтың жүзін жалама,Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама, ішегіңді, табаныңды тартпа» — бұл сөздердің тамыры тереңде жатыр. Мойынға жіп салу арам өлімге итермелейді десе, пышақтың жүзі тіліңді кесіп кетеді, таңдайыңды тақылдатсаң басыңды шайқасаң оқыс оқиғаға тап боласың, бұдан аулақ бол деген емеурінді есіңе салады.
«Жалғыз ағашты кеспе, құстың ұясын бұзба, атқа теріс отырма, ұрлық қылма, зорлық жасама, үлкеннің бетінен алма, шашыңды, тырнағыңды өсірме» — мұның бәрі де балаларға таптырмас ақыл. Егер осыны ұл мен қыздың санасына сіңірсек, теріс қылық, жат іске олар бармайды.
Қазақ халқындағы әрбір тыиымның, ырымның өмірден алынған тәрбиелік мағынасы орасан. «Олай істеме, жаман болады» деп жататыны сонан да екен. Бала кезімізде көп естіген тыйым сөздеріміз бар. Мәселен дастарқанды, тамақты баспа. Кемтарға күлме. Малды, тамақты теппе. Үйді айналып жүгірме. Табалдырықты баспа, отырма. Түнде тырнағыңды алма. Түнде ыдыс — аяқтың бетін ашық қалдырма. Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме. Қандай керемет тыйым сөздер.
Құран оқылғанда күлмеу, әрі оны мұқият тыңдау құранға деген зор құрметіміз болып саналады. Дана халқымызда «Өлі риза болмай, тірі байымас» деген қанатты сөз бар. Дүниеден өткен ата — баба әруағы разы болып, сауабы тисе екен деген ниетпен Құран бағыштап, ас беру сынды керемет тәрбиелік үрдісіміз бар. Дүниеден өткен жандарды еске алып, құран оқығанда күлу, сөйлеу, әйел — қыз баланың жалаңбас отыруы — бұл әдепсіздік. Осындай әдепсіз істерді бабаларымыз бір ауыз сөзбен — ақ тыйып отырған.
Айтаберсек қазақ тұрмыс — тіршілігі әдеп — ғұрыпқа толы. Өкінішке орай құнды бабалар сөздері тек кітап ішінде ғана сақталып, халықтың күнделікті тіршілік ісіне қолданылмай көкірек көзінен алыс кетуінде.