Тың жобаларға түрен салған өңір
Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин журналисттермен жүздесті. Өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жайлы толғамды ойлар айтылды. БАҚ өкілдері тарапынан сан түрлі сауалдар жолданды. Облыс басшы Ақмола облысына 9 айда 175 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғанын қуана жеткізді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артық көрінеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында экономиканың барлық салаларында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», — деді ол. Елбасының Ақмола облысының алдына қойған ауылшаруашылығы өндірісіне ғылымды пайдалану арқылы дамыту, сондай-ақ ауылшаруашылығы копперативтерін жандандырып, елдімекендерді өркендету тапсырмасы бүгінгі күні облыста белсенді жүзеге асырылып жатқаны туралы өрелі әңгіме өрбіді.
Брифинг барысында Ақмола облысы әкімімен аз-кем сұхбат құруға да мүмкіндік туды.
Мәлік Кеңесбайұлы, өңірдегі елбасы тапсырмасы қалай атқарылып жатыр? Әңгімені осыдан бастасақ?
Елбасының тапсырмасына сәйкес аймақта әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аударылып отыр. Биылғы жылы өңірде 8 жаңа мектептің құрылысы басталды. Сонымен қатар, білім беру нысандарының құрылысына жеке инвесторлар тартылуда. Бүгінгі күні Целиноград ауданында 2 мектеп салынуда, құрылыс біткен соң бұл нысандар мемлекеттік меншікке беріледі. Мектепке дейінгі білім берумен қамтуда 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді қамту деңгейі 98 пайызға жетті.
Нақтылай кетсем: Астана маңындағы ауылдардағы өзекті мәселелердің оң шешім табуы үшін үлкен жоспарлар жасалып жатыр. Келесі жылы 13 мектеп, 15 балабақша салынбақшы.
Елбасы кооперативке бірігудің қажет екенін үнемі айтып келеді. Осы бастаманың сіз басқарып отырған өңірдегі бет алысы қалай?
Биыл облыста 35 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, құрылған кооперативтерге 9 мыңнан астам жеке қосалқы копперативтің басы біріктірілді. Мемлекет басшысының «Астана қаласының азық-түлік белдеуін одан әрі дамыту» тапсырмасына сәйкес, аймақ жақында облыста шығарылатын азық-түлік өнімдерін Астанада саудалайтын «AQMOL» сауда нүктелері желісін ашты. Облыстағы 10 ірі ауыл шаруашылығы тауар өндіруші компаниясы сауда брендіне біріктірілді. Олардың ішінде Агрофирма «Родина» ЖШС, «Ижевский» ӨК, «Астана Агро Продукт», «CAPITAL PROJECTS LTD», «Гормолзавод», «Айна сауда үйі» ЖШС және де басқа сүт, ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындар Астана қаласында 3 нүктеде өз өнімдерін саудаламақ. Сонымен қатар Ақмола облысы 2018 жылға қарай көтерме-бөлшек сауда дүкендердің санын 10-ға дейін жеткізбекші.
Атбасар ауданындағы көктемгі су тасқыны елдің есінен әлі шыға қойған жоқ. Тілсіз апат кез келген уақытта тап беруі мүмкін. Қауіптің алдын алуға арналған шаралардың жоспары бекітілді ме?
Екі күн бұрын Атбасарға іс-сапармен барып келдім. Бұл мәселе бойынша жетекшілік ететін орынбасарыма жетісіне бір рет ауданға барып тұруды қатаң тапсырдым.
Біз, ештеңені күтіп отырмаймыз. Қыста өзен қатқан кезде де жұмыстарды жалғастыра береміз. Бұл кезде теxника жеңіл жұмыс істейді. Көктемге дейін жалғастырамыз.
Алдағы уақытта су тасқынын болдырмау мақсатында бөгеттер салу мәселесі қаралып жатыр. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитеті өнеркәсіптік бөгеттер салудың қажеттілігі туралы қорытынды шығарды.
Мұны шешудің бұдан да өзге тиімді және арзан жолдарын ойластырдық. Су тасқынынан зардап шеккендерге 11 тұрғын үйді беру жоспарда бар. Сонда да 300 адам су деңгейі жоғары жерлерде қала беруді жөн көріп отыр: Атбасарда 200 адам және 12 елдімекенде 100 адам. Бұл адамдар үшін (бөгет салудан гөрі) су деңгейі төмен жерлерге тұрғын үй салып беру арзанырақ болар еді
Мүмкіндікті пайдаланып мынаны да айта кетейін. Су тасқынынан зардап шеккендерге пәтер жалдау үшін айына 40 мың теңге көлемінде қаржы беріледі. Қазір 45 пәтерлік 11 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауын биыл, бесеуін келесі жылы қолданысқа беру жоспарланып отыр. Бұл пәтерлерге қоныстану кезегін мәслиxат депутаттары, кәсіпкерлер палатасы өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған арнайы комиссия белгілейді. Қазірдің өзінде бірінші боп пәтер алатын 270 отбасы анықталды.
ЭКСПОРТҚА АСТЫҚ ШЫҒАРУ ДИХАНДАРДЫ ҚИНАП ТҰР
Ақмола өңірі қара топырақты егін мен бау-бақшаға қолайлы аймақ саналды? Биыл астықты жауын-шашынға ұрындырмай жинап алғандарыңызбен, астықты сатуда қиындықтар болып жатқанын естиміз? Өңір басшысы ретінде сіз қандай уәж айтар едіңіз бұған?
Биыл өңірде жиналған сапалы астықты экспортқа шығаруда кедергілер барын жасырмаймын. Осы жылы ақмолалық диқандар 5,1 млн тонна астық жинады. Жиналған ырыстың 88%-ы – сапасы жоғары өнім. Алайда кәсіпкерлер отандық өнімді сыртқа шығаруда кедергілерге тап болып отыр. Яғни, вагон жетіспеушілігі экспорттың жолын бөгеуде. Біз үшін астыққа қатысты дүниенің бәрі маңызды. Себебі Ақмола – астықты өңір. Сіздің «астықты сатуда қиындықтар болып жатыр ма?» деген сауалыңызға, жоқ десем, өтірік айтқан боламын. Әсіресе, бұл мәселе қазан айында тығырыққа тіреді. Қазір жағдай біршама реттелді. Қараша айының соңына қарай аталған мәселе мүлдем жойылатын болады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Қанат Алпысбаевпен күнделікті ақылдаса отырып, вагон жетіспеушілігін реттеудеміз. Аталған жағдайға қатысты облыста арнайы штаб құрылған. Штаб өкілдері Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың басшылығымен күн сайын кешкілік Көкшетау қаласындағы «Қазақстан темір жолы» компаниясының ғимаратында жиналып, күн тәртібінде тұрған мәселелерді қаузап, тиісті шешімдерді қабылдайды. Штаб отырысына осы салаға қатысы бар мекемелердің өкілдері түгелдей жиналады. Осылайша, жағдайды күн сайын назарда ұстап отырмыз.
Біздің білуімізше ЭКСПО-2017 көрмесінде Ақмолалықтар үлкен белсенділік танытыпты? Сіздерді құттықтап қоюға болатын шығар?
Үлкен рахмет, сіздерге. Иә, Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі Ақмола облысы үшін табысты аяқталды. Бұл ретте, халықаралық көрмеде таныстырылған 5 жобаны облыс аумағында жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ лифт пен экскалаторлар шығаратын жергілікті зауыт ЭКСПО-2017 көрмесіне атсалысты. Көрме нысандарына ақмолалық зауыттың жоғары жылдамдықты 77 лифті мен 8 экскалаторы пайдаланылғанын айта кеткім келеді.
Индустрияландыру бағдарламасы қалай жүзеге асуда? Алдағы уақытта Ақмола облысы қандай тың жобалармен қуантпақ?
Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыста алтын өндіру 4 есеге ұлғайып, республикалық көрсеткіштің 34%-ын құрады. Жыл соңына дейін өңірде 95 млрд теңгенің 7 жобасы жүзеге асырылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жақын арада жылына 2 млн тонна өнім шығаруға қауқарлы цемент зауыты іске қосылмақ. Сондай-ақ жылдық қуаты 80 мың тоннаны құрайтын каолинді тау кен байыту комбинатының құрылысы басталды.
Біздегі тағы бір тамаша жоба ол – бидай сабанынан қағаз шығаратын зауыт. Бұл жоба Қытай тарапымен бірлесіп жүзеге асырылатын болады. Қытай елі аталған жобаға 300 млн доллар көлемінде инвестиция тартуға әзір. Зауытта қағаз, картон, органикалық тыңайтқыштар өндірілмек. Сонымен қатар, 2018 жылы Макинск кентінде жылына 50 мың тонна өнім өндіретін құс фабрикасын ашу көзделуде. Бұдан бөлек Астрахан ауданында жылына 5 мың тонна ет өңдейтін зауыт құрылысы жоспарда тұр.
Мәлік Кеңесбайұлы, көкейде анталап тұрған сауал көп. Оның бәрін босатсам, таң атырып, кеш батырармыз. Осыны қанағат тұтайын. Алдағы уақытта тағы да сұхбаттасудың сәті түсер. Көңіл бөліп, сауалдарға тиянақты жауап бергеніңіз үшін сізге айтар алығысым шексіз!