ТЫҢДАР ҚҰЛАҚ БОЛСА…

Бір шəкірт ұзақ уақыт мəшһүр суретшінің қолында тəлім алыпты жəне кəсіпті шебер меңгеріп болған соң, ұстазынан ақ батасын беруін сұрапты.
— Рұқсат берсеңіз, мен де тəуелсіз іс бастасам, үйренгендерімді амалда көрсетсем…
Ұстаз жауап беріпті:
— Сен менің ең жақсы шəкіртімсің, өте көп нəрсені үйрендің. Бірақ іс бастарыңнан алдын соңғы ақыл-кеңесім бар. Бұл үшін барып, ең жақсы суретіңді салып кел!
Шəкірт ұстазының алдынан көңілі толып, шығып кетті де, бар өнерін салып өте əдемі сурет салыпты. Сосын оны ұстазының алдына алып келіпті. Ұстаз суретті көріп, шəкіртіне тапсырма беріпті:
— Енді осы суретті шаһардың адам ең көп жиналатын жеріне алып барда, іліп қой. Қасына қызыл қалам қойып, былай деп жаз: «Суретке наразымын, кемшілігі бар дейтіндер болса осы қызыл қаламмен өз наразылығын білдіретін белгі қойсын!»
Өз суретінің теңдессіз екеніне күмəн қылмаған шəкірт ұстазының айтқанын орындапты жəне екі күннен соң көз жасын төгіп қайтып келіпті:
— Ұстаз, менен суретші шықпас екен. Қараңызшы, ең тамаша деп санаған туындымның өзі адамдарға ұнамапты. Ұстазы қараса суреттің барлық жеріне қызылмен сызып тасталған, қызыл қалам тимеген жайы жоқ екен. Сонда шəкіртін жұбату үшін ұстаз тағы да бір тапсырма беріпті.
— Енді қызылмен сызылғандардың бəрін өшіріп тастағын-да, осы суретті сол жерге жəне іліп қой, бірақ бұл жолы суреттің жанына қызыл қалам емес, қылқалам мен түрлі реңдер ыдысын қалдыр. Астына былай деп жаз: «Суретке көңілі толмаған наразы кісілер мына қылқаламмен сол ұнамаған жерлерін өздері түзетіп қойсын!»
Шəкірт шығып кетіпті. Бір күн, екі күн, бір апта, бір ай уақыт өтіпті. Бірақ суретке бірде-бір адам өзгеріс енгізбепті. Шəкірт мұны түсіне алмай тұрғанында ұстазы оған соңғы ақылын айтыпты:
— Көрдіңбе?! Адамдар сондай, наразылық, кемшілік табу сұралғанда барлығы өзін сол кəсіптің кемеңгері деп есептейді, бірақ түзетуге келгенде барлығы үнсіз, ештеңе істей алмайды.
Ұмытпа, бір нəрсенің кемшілігін табудан алдын оның орнына өзің не бере алуың мүмкіндігіңді ойла. Болмаса, наразылық білдірме!