ТЖ КЕЗІНДЕ МАҢҒЫСТАУДА 28 АДАМ ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ

Бұл туралы Маңғыстау облыстық Полиция департаменті басшысының 1-орынбасары Амангелді Қалмұратов мәлімдеді.

Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты өңірде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Полиция департаменті мен әкімдік бірігіп, індеттің алдын алу үшін блокпосттар қойды.

Мәселен, Бейнеу ауылы Боранқұл станциясына — 1, Түпқараған ауданында — 1 және Жаңаөзен қаласында — 2 блокпост қойылды. Блокпосттарды қоюдағы мақсат – халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жолаушылардың денсаулығын тексеру.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің төтенше жағдай жариялауына байланысты, кафе, барлардың жұмыс істеу режимін бұзғаны үшін 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ақтау қаласында анықталған 18 әкімшілік құқық бұзушылықтар негізінде 5 тұлға әкімшілік қамауға алынып, 1 тұлғаға қатысты 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Жаңаөзен қаласында анықталған 6 әкімшілік құқық бұзушылықтар негізінде 3 тұлғаға қатысты 10 айлық есптік мөлшерде айыппұл салынып, 3 тұлға әкімшілік қамауға алынды. Үй карантиніне орналастырылған тұлғалармен белгіленген режимді бұзғаны үшін Ақтау қаласының 1 тұрғыны жауапкершілікке тартылды. Басқа анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңды шешім қабылдау мақсатында сот орындарына жолданды.

Полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындарды облыста енгізілген шектеу шараларын қатаң ұстануға шақырады. Тәртіп бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

 

Маңғыстау облысының қоғамдық

коммуникация орталығы

 

Ескерту! Кез келген материалды көшіру және жариялау үшін, https://elana.kz/ сайтына сілтеме орналастырыңыз!