Уа, халайық, батамды берем, қолың жай!
Әуелі ел жұртымыз аман болсын,
Алаңсыз бейбіт-тыныш заман болсын.
Әке-шеше, апа-аталар ұзақ жасап,
Бала-шаға, ұрпақпен ортаң толсын!
Ұлыстын ұлы күні бәріңе,
Жастарың бар, жасы үлкен кәріңе,
Батамды берем, қолың жай,
Қызыр ата жайғассыншы төріңе!
Уа,жамағат көтердің бәрің білекті,
Берсін Алла ақ ниетті тілекті.
Әз Наурыз бәрімізге нұр шашып,
Қуанышқа ұластырсын жүректі!
Аман болсын мал басың,
Еккен егін еш солмасын.
Арам шөп, алабұта баспасын,
Егін алқап,ата қыстау қордасын!
Қапалы болып қариялар,
Қалың ойға шомбасын.
Бесікте жатқан бөбектің,
Қол-аяғы мұздап тоңбасын!
Ісімізді Алла оңдасын,
Дихан бабам қолдасын.
Тек кетпесін төккен теріміз,
Дәнге толсын осынау байтақ жеріміз!
Еліміз көркейсін ынтымақ-бірлігімен,
Ерлеріміз көркейсін жасампаз
тірлігімен.
Ұшырамай ел жұртым тапшылыққа,
Жете берсін әрқашан молшылыққа!
Әлеумет бақ арнасын наурыз айы,
Оңалсын халқымыздың хал жағдайы.
Күн жылынып,қар еріп, жер көгеріп,
Әр үйдің ойнақтасын құлын-тайы!
Әумин!
Зарқұм Омарбекұлы,
батагөй, зейнеткер