«Уәде берілді, орындалды»

«AMANAT» партиясының араласуымен бесағаштықтарға ауызсу беріле бастады. Партияның пәрменімен Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылы тұрғындарын мазалаған мәселе шешімін тапты. Осыған дейін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшелері аталған ауылдағы ауызсу құбырын жүргізу жұмыстарына зерделеу жүргізген болатын. Айта кетейік, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыс 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. Мердігер компания «Көлсай строй» ЖШС бұл жұмысты 2022 жылдың желтоқсан айында толығымен аяқтау керек еді. Бірақ, серіктестік тиісті жұмысты уақытылы орындамай бастаған істері сиырқұйымшақтанып созбалаңға салынған. Оның зардабын ауыл тұрғындары көріп, көшелері шаң мен лайсаң күйге түскен.

Партия осы айдың басында жүргізген зерделеу жұмыстары барысында серіктестік басшылығына жұмысты аяқтауға 20 күн уақыт берген. Енді міне, мердігер айтқан уәдесін орындап, бесағаштықтарға тіршілік нәрі беріле бастады. Оған ауыл тұрғындары да дән риза.

Тілге тиек ете кетерлігі, мұндағы жұмыстар маусым айында толығымен аяқталатын болады. Аталған уақытқа дейін «Көлсай строй» ЖШС-і Бесағаш ауылынан бөлек Түрксіб ауылын да ауызсумен қамтиды. Бұл жұмыстар әлі де партия назарында болады.

#AMANAT