УӘДЕ ҮДЕСІМЕН ҚЫМБАТ
,Уәде адамды адам баласымен таныстырады, тіл табыстырады. Тараптардың мүддесін ескереді, лайықты қауым құрап қоғамдастырады. Қарым-қатынасты, қызметті сынап шыңдайды. Ол — диалогтің діңі, ұғысудың ұстыны, өзара сенімнің көзі, байламның қайнары. Сөзге тоқтамағанды берік уәде тоқтатқан. Құр сөзге иланбаған мығым уәдеге иланады. Уәде байласу — мәміле жасау арқылы көп мәселені бейбіт түрде шешудің кілті. Қысқасы, уәде — саналы адамның табан тірейтін тиянағы, ар-намысы байланатын адалбақаны.
Ханды да, қараны да, байды да, кедейді де, жақсыны да, жаманды да уәдесіне қарап тануға болады. Бұқара солай бағалаған. Өйткені, дін мен дәстүрімізде “Уәде — Құдай аты, уәде — Алла сөзі”, “Айтсаң, уәдеңе жет, уәде Құдайға шек” деп бекер айтылмаса керек.
Күнделікті өмір мен тынымсыз тіршілікте де уәденің орны ерекше. Табиғаты бөлек. Адам жадында, ел есінде жатталып қалады. Сұрауы бар сауапты, жауапты дүние. Бұл — отбасылық, елдік және ұлттық тәрбиенің ғана емес, қоғам деңгейінің айқын көрсеткіші.
Аты мен затына сай уәде, оның орындалуы елдік дәстүрді, мемлекетшіл көзқарасты қалыптастырады. Халықтың әл-ауқатын көтеріп, мемлекеттің өзегін бекем етеді. Мәселен, кез келген сайлау кезеңінде уәде алдыңғы қатарға шығады. Ол бәйгеге түскен саяси партияың бет-бейнесін айқындайды. Өйткені, айтылған сөз — иесіне сын. Ендеше уәденің орындалуы ант-су ішкеннің бағасын береді. Ар-ұят сонымен өлшенеді.
Уәде үдесінен шығу — қарсыласты жеңуге қамшы, дауды шешуге мұрындық та болуы мүмкін. Ал оны орындамау, одан тайқып кету, яғни сөзде тұрмау — адамның нағыз бейшаралығы, қауымның нашарлығы, ортаның әлсіздігі. Халықтық пайымда ондай қылық пен қулық әдепсіздік, көргенсіздік және арсыздық ретінде әшкереленеді. Адами қасиеттен жұрдай болумен теңеледі.
Сондай-ақ, ата-ананың ұрпағына, ұрпағының ата-анаға, дос-жарандардың, құрбы-құрдастардың, әріптестердің бір-біріне, депутаттардың, билік басындағы өзге адамдардың халыққа беретін уәдесі, лауазымды тұлғалардың лауазымы жоқтарға, басшының қосшыға (және керісінше), қыздың жігітке, жігіттің қызға, қызметшінің тұтынушыға уәдесі беріктігімен, мерзімінде орындалуымен бағалы.
Әйтпесе, оңды-солды беріліп, жол-жөнекей шашылып қалатын уәделер сенімді жоғалтады. Бір адамның сенімін жоғалту — жайқалып тұрған ағаштың бір тамырын кесумен бірдей.
Уәдешіл кісілер елеп, ескере бермейтін бір алып күш бар. Ол — тоқтаусыз әрі ақысыз жұмыс істейтін жалпыхалықтық бақылау. Көзі ашық, көкірегі ояу қоғамның жітілігі. Шындықтан ешкім қашып құтыла алмайды. Оны тексеріп, тергейтін құзырлы орындар да халықтық бақылаудан тыс қала алмайды. Олай болса, әділеттің жолы неге ауыр, ал сол соқпақтағы жекелеген адамдардың тұзы неге жеңіл?
Бұл күре сұрақтың жауабы да күрделі. Салдары да біртекті бола қоймас. Сондықтан уәдеге деген жауаптылық адамның сана-сезіміне байланатын қасиет екені даусыз.
Жалпы, қоғамда сананы өзгерту үшін не істеліп жатыр? Осы тұрғыда қабылданған құжаттар, жобалар, бекітілген шешімдер сөзбұйдаға салынып, уәде күйінде қалып қойса, кімге өкпелейміз? Олардың бәрін тізіп шығуды міндетімізге алғымыз келмейді. Оған арнайы әлеуметтік зерттеу, мониторинг жүргізетін құрылымдар бар.
Дегенмен, халықтың көкейінде жүрген бірер түйткілге тоқтала кетуді жөн көрдік. Ол — отандық архивтер ахуалы. Сан алуан тақырыптың тарихын тарқатып беруге мүмкіндік беретін мұрағаттарға қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын. Үкімет уәдені үйіп-төкті. Алайда, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған тәп-тәуір жоспардың аяғы құрдымға кетіп бара жатқандай. Бюджетті жеңілдету желеуімен көп іс-шара көкке ұшты. Міне, бұл құрғақ уәде емей немене? Сонда тарихи маңызды құжаттар, шынайы деректер мемлекеттің өзіне керек болмағаны ма? Аталған бағдарлама ұлт тарихын түгендеудің, толықтырудың зор мүмкіндігі емес пе еді?
Ал, мемлекеттік тәуелсіздігін бағалай білетін көрші елдерде архив саласына ерекше мән беріліп, жан-жақты қолға алынғанын білеміз. Олар бағыныстағы мекемелер құрылымын жүйелеп, ғылыми жұмыстарды үйлестіруді, халықаралық ынтымақтастықты арттыруды әлдеқашан тап-тұйнақтай етіп реттеп қойған.
Архивтеріміз өз отанында өгейлік күй кешсе, қайда барып, кімге шағынамыз? Онда жұмыс істейтін ғалымдар мен өзге қызметкерлердің еңбегін өз дәрежесінде бағалай білмесек, архив қорына өзгелердің көзі түсіп, көңілі аумасына кім кепіл?
Өйткені, еліміздегі өндіріс ошақтарының, әлеуметтік-мәдени нысандардың, қоғамдық маңызы бар оқиғалардың цифрлық шежіресін, жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын жинау, жинақтау, қауіпсіздігін сақтау, есепке алу ісі әрдайым мемлекеттік көэқарасты талап етеді. Біз архив арқылы ғана мәдениет пен қоғамдық өмірдің даму тарихын, түрлі кезеңдердің байланысын анықтай аламыз.
Тағы бір мысал еске түседі. Бірер жыл бұрын елімізде екі жарым миллиард ағаш егу жөнінде уәде етілді, міндеттеме жарияланды. Ел-жұртымыз оны орындау барысы жайында, маңызды істің жай-күйі туралы білгісі келеді. Алып-қашпа сөз көп, ал ақпарат мардымсыз, жоқтың қасы. Осыған дейін қағаз жүзінде егілген ағаштар санын есепке алсақ, еліміздің аумағы әлдеқашан қалың тоғайға, ну орманға айналатын еді. Мұны көріп-біліп, сұрап отырған халық аузына қақпақ қойып болмайды.
Сондай-ақ, қарапайым өмірде уәде бұзу сәт сайын қайталанып жатады. Әсіресе, құрылыс-жөндеу, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында екінің бірі сөзінде тұрмайтыны әдетке айналып барады. Сөйтеміз де немістің немесе өзге этностардың тиянақтылығына, сөзге беріктігіне таң қаламыз. Тапсырыс уағдаласқан мерзімнен көбінесе кешіктіріліп орындалады, жиын кешігіп басталады, қонақтар бөгеліп жатады. Бұған үйреншікті құбылыс ретінде қарауға жұрт та көндіккен. Сайып келгенде, уәдемен бірге уақыт жоғалтуға себеп болатын осындай қоғамдық індеттің зардабы мен зияны адамдардың психологиясына кері әсерін тигізіп, ұлт болмысына, ел келбетіне (имиджіне), мәдениетіне, экономикасына теріс ықпал ететіні белгілі.
Өкінішке қарай, өзгеге берген уәдесін жұтқан адам өзіне деген сенімін де жоғалтады. 19 ғасырда өмір кешкен ақын Әбубәкір Кердері:
“Ерді шайтан жеңгені —
Біткен істі қозғаса.
Адамдықтан қалғаның —
Балалап уәдең қоздаса” деп жұртына қанша ескертіп кетсе де, әлі күнге бәтуасыздықтан, сөзінде тұрмаушылықтан құтыла алмай келеді. Уәдесінен тайған адам желеу іздеуге, сылтау айтуға арланбайды. Қазір ондай уәдемырза кісілерді барлық салада кездестіруге болады.
Әрине, жұрттың бәрі сөзінде тұрмайды деуге негіз жоқ. Уәдесінде тұрған ерлерді ел таниды, оларды үлгі етіп, құрмет тұтады.
Кезінде ақын Кенен Әзірбаев:
“Асыл адам қарайды,
Уәдеге бұрында.
Батыр болар жігіттің,
Аты кетер руға,
Тұлпар болар жылқының,
Тұлғасы тұрар құлында” — дегені де уәдеге берік, сертінде тұратын адамның лайықты сыйы болатынын меңзесе керек.
Ал даңқты қайраткер Напалеон Бонопарт “Уәдені орындаудың ең дұрыс жолы – уәдені бермеу” деп тұжырым жасаған көрінеді.
Әрине, француздардың жөні бөлек, салты да басқа.
Өз ішімізде кейде уәдені мүлтіксіз орындаудан жарыс, бәсеке басталса екен деп қиялдайтынымыз бар. Өйткені, қайырымды, өнегелі істерде жақсы аты алысқа кеткен халқымыз үшін ұмытыла бастаған өз құндылығымыз — уәдеге беріктік пен табандылықты айнымас дәстүр ретінде қалпына келтіру маңызды деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ. әлеуметтік желі парақшасынан алынды