Уақытты қадірлейтін адамдар қандай болады?
Мұндай адамдар уақытпен жарысады. Оларда мейлі қандай іске болмасын алдын-ала дайындаған айқын мақсаты мен нысанасы, соған жету үшін белгілеген жоба-жоспары, соған сай өзіне қойған қатаң талабы, берік ирадасы болады. Олар күн мен сағатты былай қойып, минут не секундты санап, соған сай іс тындыруға құлшынады. Олар тіпті жатқан, тұрған, жүрген, отырған кездерінде өзінің көздеген нысанасына тез жетуге асығады, соған бас қатырып, амал қарастырады. Олардың барлық ісі алдын ала белгіленген жоспар бойынша өз уақытында орындалады. Олар күнделікті өмірде қажырлы, қарапайым, үнемшіл болып, аз бодау беріп көп іс тындырады. Олар өзін алдайтын, уақытты босқа өлтіретін баянсыз, мән-мағынасыз іспен айналыспайды. Тұрмысы әрқашан ретті, жинақы болады. Кей кездері уақытты қадірлейтіндер әлгі уақытты қадірлемейтін тоғышарлар жағынан “Орынсыз әлек болушы, өзін бекер азаптаушы, тіпті дені сау еместер” делініп түрлі жазғырулармен даттауларға ұшырайды.
Уақытты қадірлейтіндердің тынбай құлшынуынан күндер өте келе таудай табыс, мол нәтиже туындайды да ол уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар жағынан жазғыруға, көре алмауға, күндеуге ұшырайды.
Уақытты қадірлейтіндер әртүрлі іске біртіндеп даму заңдылығы бойынша талдау жасап, көздеген шыңына бағытталған алғашқы қадамының өзін зор сеніммен, үміткерлікпен бастап, көңілге алған биігіне бір-бір қадамнан өрлеп шығуға, онда жолығатын әрқандай қиындыққа бас имеуге белін бекем буады. Ол әсте әлгі уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар сияқты бетке алған ісінің қиындығына төзімсіздік танытып, бастаған ісін жол ортада қалдыратын тұрлаусыз қылықтардан аулақ болады. Соңғы нәтижеде уақытты қадірлемейтін жалқау, тоғышарлар ұтылып, бұл өмірден із дерексіз кетсе, ал уақытты қадірлейтіндер ұтып, артына мәңгі өшпестей белгі, із қалдырып кетеді. Уақытты қадірлейтіндер өзінің шекті өмірінде, артына шексіз байлық, соңғылар алқап, аузынан тастамайтын, үлгі-өнеге етерліктей адами құндылық, ұлағатты ұстаздық образ тіктеп кетеді.