Уақыт – біздің өміріміз (Ой кермек!)
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды бұл өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
(М.Мақатаев)
1. Уақыттың бояуы әр заманда әр қилы болуы мүмкін. Бірақ та әлмисақтан өзгермейтін екі түс бар. Олар: ақ пен қара.
2. Уақыттың суреті әр әр заманда әр түрлі кестеленуі мүмкін. Алайда өзгермейтін екі бейне бар. Олар: көркемдік пен құбыжық.
3. Уақыттың тартысы әр заманда әр қилы болуы мүмкін. Бірақ та анау заманнан бері өзгермеген екі тартыс бар. Олар: жақсылық пен жамандық.
4. Уақыттың өлшемі ешқашанда өзгермеген. Өзгермейді де. Олар: өмір мен өлім.
5. Уақыттың салмағы адам жүрегіне әр заманда әр қалай әсер етуі мүмкін. Өзгермейтін екі салмақ бар. Олар: махаббат пен ғадауат.
6. Уақыттың алмасуы әсте өзгермек емес. Қияметке дейін. Олар: күн мен түн.
7. Уақыттың ізі әр қалай болуы мүмкін. Бірақ та өзгермейтін екеуі бар. Олар: қуаныш пен қайғы.
8. Уақыт сенің жүрегімнен өтіп, ой- санаңда қортылады. Сонда сәулеленеді. Өлім- сол сәуленің өшуі.
9. Уақыт ішінде ғарыштың жылдамдығынан бастап, тасбақаның жүрісіне дейінгі қозғалыс тіркелген.
10. Уақыттың бедері сен кіммен бірге болсаң соған сай құбылады. Ол сәттік нәрсе. Алайда не жақсы, не жаман болып, із тастап кетеді.
11. Ұмытшақ сен емессің, ұмытшақ- уақыт.
12. Уақыт- ең үлкен ұры. Ол секундтап, минуттап, сағаттап тонайды. Бірақ та сен оған ештеме істей алмайсың.
13. Уақытқа сот жоқ.
Ерболат БАЯТҰЛЫНЫҢ фб-дағы парақшасынан